«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒДЫР СЫЙЛАҒАН ТАЛАНТ

Дарынды жазушы, көрнекті көсемсөзші, аудармашы, эссеші Герольд Бельгерді қалың елі соңғы сапарға осыдан бір жыл бұрын қабырғасы қайысып шығарып салған еді. Үш тілде жазып, үш тілдің төл әдебиеті мен мәдениетін қатар емген қадірлі Герағамыз – біздің елімізге, Тәуелсіз Қазақстандағы халықтар ынтымақтастығына ерен еңбек сіңірген, ұлттар достығының символына айналған қадірлі тұлға.

Герольд Бельгер – қазақ халқының нағыз жанашыры. “Оның ел есінде қалған ерен істерінің бірін ғана айтсақ. 1987 жылы Мұхтар Әуезовтің 90 жылдығында Семейде қазақ жазушылары бірімен-бірі жарыса орыс тілінде сөйлеп жатқанда, неміс Герольд Бельгер ғана: “Ұлы Әуезовтің 90 жылдығында Әуезовтің тілінде сөйлейтін бірде-бір жазушы қалмапты. Ең соңғы қазақ мен екенмін”, – деп, қазақ тілінде қатырып тұрып сөйлегені әлі күнге дейін ел жадында …”, – дейді өз естелігінде ақын Қазыбек Иса.

Оның Алматыдағы педагогикалық институттың филология факультетінде оқып жүрген кезден бастап қазақ тіліне ден қойып, соған мән беруіне ықпал еткен адам – профессор Сәрсен Аманжолов болды. Студенттік шақтан бастап тілді зерттеуге, тілді тереңдетіп оқуға деген ерекше құлшыныс, ыждағаттылық танытқан. Ол қазақтың небір марғасқалары жұмыс істейтін, таралымы 200 мыңнан асатын “Жұлдыз” журналының проза бөліміне қызметке шақырылып, Сабыржан Асанов, Сағи Жиенбаев, Қадыр Мырзалиев, Зейнолла Серікқалиев, Асқар Сүлейменов, Амантай Байтанаев, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Тұманбай Молдағалиев сынды ақын-жазушылардың ортасына түседі. Оның үстіне осындай ортада жүрген соң Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов сияқты талай қазақтың біртуар классиктерімен танысады, біліседі, күннен-күнге рухани азығы толыққан үстіне толыға түседі.

Жазушы қазақ тілінің құдіреттілігін, көркемдігін жақсы түсінді. Қазақ тілі үшін барын беруге дайын болды. Оның рухани тірегі – Абай Құнанбайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мұхтар Әуезов. Герольд Карловичтің қазақ тілі жайлы айтқан талай тағылымды сөздері көңілімізге ұялайды. “Қазақтың тілі құдіретті, бай ғой. Соның байлығын астын сыза жүріп, барлығына түсіндіргім келеді. Орыстарға, немістерге түсіндіргім келеді”, “Тіл өлсе, демек, халық өледі. Аз халықтың тағдыры осы. Тіл тек қатынас құралы емес. Ол – халықтың жүрегі, жаны, ділі, діні, мақсат-мүддесі, ой-арманы, болмыс-тірлігі”, “Ұлттық сезімнің өзі тілден басталады. Бірақ тілден де күшті құдірет бар. Ол – сана. Қазақ тілін білмейтін қазақтар болады, бірақ патриоттығы керемет. Сондықтан, қазақ бір-бірін тілге бола тұқыртып, бір-біріне алакөзденуді доғаруы тиіс. Сол “шала қазақтар” сана, жүрек, түйсік “қазағым” деп тұрса, ол жаман ба? Керегі – осы қазаққа. Қазақ қазағын керек қылмаса, басқаға қайдан иек артасың. Ада қазақ, шала қазақ, таза қазақ деп бөлінбесін, таза қазақ тілінде сөйлесін. Менің арманым да, қуанышым да сол. Осы қазақ еліне қажеттілігім де осыдан туындайды деп есептеймін. Алайда, қазақтарға айтарым, ана тілін білу керек, талпыну қажет, намыс дегенді ояту керек. Айналып келгенде барлығы намысқа келіп тіреледі. Санада сілкініс болмай ештеңе шықпайды. Бір сөзбен айтқанда, “Оян, қазақ!” деген ұран күн тәртібінен түскен жоқ”, – деген қанатты сөздерінен-ақ оның қазақ халқының шын жанашыры екенін ұғынамыз. Қазақ халқының неміс баласының ең соңғы өсиеті осы еді!.. “Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады”. Қазақтың тілі үшін барын салған жазушы Герольд Бельгердің бүгінгі қазақ тілінің жай-күйі жайлы ащы да болса шынайы ойларымен келіспеске шара жоқ. Әрине, бүгінде қазақ тілінде сөйлейтін өзге этностың өкілдері көп. Алайда, қазақ тілін дәл Г.Бельгердей майын тамызып, мөлдіретіп сөйлейтіндері некен-саяқ. Бұл тумысынан ерекше жаратылған жанға табиғаттың берген ерекше сыйы, дарыны болар.

Қазақ топырағына судай сіңген Герағамыздың немістің емес, қазақ халқының ұлттық құндылықтары үшін жаны ауырды. Қаламгерді ардақты да асыл азамат етіп тәрбиелеген қазақ халқы болатын. “Адамзат бойына берілген жақсы қасиеттердің барлығы табылады бұл қазақтың бойынан. Қонақжайлылығы, кеңпейілділігі, ақкөңілділігі. Менің адам болып өсуіме қазақтар көп әсер етті. Менің жүрегімді мейірімділікке толтырған, ыза-кек, қызғаныш, өшпенділік дегеннен аулақ сақтап қалған осы “қазақ ауылы” болды деп ойлаймын. Мен қазақтың алдында осы үшін де қарыздармын”, – деген пікірін жазушы көзі тірісінде жазып қалдырыпты.

Герольд Бельгердің талантты жазушы, публицист әрі шебер аудармашы екені дау тудырмаса керек. Қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров туралы кеңінен толғап, мақалалар, эсселер жазды. Абаймен, Шоқанмен, Жамбылмен сырласты. Қаламгер қай шығармасына болмасын, ауыл адамдарын, қазақ халқының тағдырын арқау етті. Оның туындыларындағы кейіпкерлер өзіміздің жерлестеріміз, оларды күн сайын көріп жүргендейміз, бізді олардың жан сезімі, ойлары, іс-әрекеттері толқытады, ойландырады. Сонымен қатар, шығармалары тағдырлары тәлкекке ұшыраған кезінде жер аударылып, қуғындалып, Қазақстан жеріне келген неміс халқының өмірін сипаттауға арналған. Жазушының “Тұйық су”, “Кезбенің үйі”, “Разлад” атты романдарында неміс халқының кіндік қаны тамған туған жері тарихи Отаны мен бауыр басқан қазақ жерінің арасындағы екіге айрылған санасы суреттеледі. Сондай-ақ, шығармаларында көзімен көрген, басынан кешкен оқиғалар, бір ауылда тұрған екі ұлттың риясыз көңілі, бауырмалдығы, достығы баяндалады.

Герольд Бельгер өзінің мағыналы ғұмырында өнімді еңбек ете білді. Талантын тежеп қалған жоқ. Көлемі 650 баспа табақ немесе 20-25 том болатындай 200-ден аса қазақтың классик жазушыларының туындыларын орыс және неміс тілдеріне аударды. Баспасөз беттерінде үш тілде 1600-ден аса мақалалар мен жарық көрген шығармаларға сын-пікірлер, шолулар жазды. Сөйтіп, “Көненің көзі”, “Ауыл шетіндегі үй”, “Тас өткел”, “Даладағы асу”, “Бауырластықтың жанды бейнесі”, “Созвучие”, “Уақытпен бетпе-бет”, “Гете и Абай”, “Родство”, “Завтра будет солнце” сынды төл туындыларын қосқанда 75 томдық еңбекті жазып шықты.

Герольд Бельгер ұзақ жыл көркем аудармамен айналысты. 1968 жылдан бастап отыз жыл бойы 200-ден астам шығарманы орыс тілінде сөйлетті, аударма жөнінде сын мақалалар жазып, осы саланы жолға қою жөнінде салиқалы пікірлер айтты. Ол аударған шығарма­лардың ішінде Әбдіжәміл Нұрпейісовтың “Қан мен тер” романы, Бейімбет Майлиннің “Сары ала тон” кітабына енген туындылар, Ғабит Мүсіреповтің шығармалары, Әбіш Кекілбаевтың “Аңыздың ақыры” мен “Елең-алаң” романдары, повестері мен әңгімелері, Дүкенбай Досжановтың “Қиын адым”, “Үлкен өзен”, “Жібек жолы”, Хамза Есенжа­новтың, Зейнолла Қабдоловтың роман­дары, Тахауи Ахтановтың пьесалары, Ахмет Жұбановтың “Замана бұлбұл­дары” кітабы қазақтың көркем аудармасының тамаша үлгісі болып, әдебиет тарихында алтын әріппен жазылып қалды.

Ауылда өсіп жетілген жазушы қазақтың бар болмысын, түйсігі мен түсінігін аудармалары арқылы шебер әрі көркем тілмен жеткізе білді. Аударушының ең негізгі мақсаты – автордың ойын ғана емес, оның өзіндік стилін, суретшілік ерекшелігін, барлық бояуын, шығарманың рухы мен тынысын жеткізіп бере білу. Ол туралы Герольд Бельгер: “Сірә, творчество атаулының қадір-қасиетін ақылмен танып, салқын санамен түсінуден гөрі, көңілмен ұғып, ыстық жүрекпен түйсіну әлдеқайда маңыздырақ болса керек. Адамның біраз нәрсені пайымдап, танып білуі әбден заңды. Бірақ соны күллі жан дүниеңнің елегінен өткізіп барып қабылдау оп-оңай шаруа емес. Бұл да дарын іспеттес, яки шынайы махаббат секілді сирек ұшырасатын қабілет”, – деді.

Ұлы адамдардың, оның ішінде әр халықтың дана ақындарының арасында рухани үндестік, тамырластық, тіпті, туысқандықтың бары анық болса, сол жақындық, сол туыстық Гете мен Абай шығармашылығында айрықша айқын білінеді. Міне, Г. Бельгер осы жақындыққа, үндестікке қайран қалды. Себебі, Абай Лермонтовтан, ал Лермонтов Гетеден аударды. Гетеде бар нәрсе Лермонтовта жоқ, алайда, ол Абайда дәлме-дәл жазылған. Жазушының өзі де бұл үндестікке таңғалады. Дүниеде табиғатқа тарта туған аса дарынды адамдар бірін-бірі ешқашан естіп, білмесе де, екеуі жұмыр жердің екі шетінде жүріп-ақ орайлас ой кешіп, бірінің кемел ақылын бірі толықтырып жататыны ғажайып. Рухы бай адамдардағы рухани үндестік ертеден болған. Жалпы Г. Бельгер ұлылардың рухани үндестігін, нәзік сезім иірімдерін, философиялық ой-толғамдарын шебер жеткізді.

Оның 2014 жылы, ең соңғы шыққан кітабы “Казахское слово” деп аталады. Кітап жарыққа шыға сала оқырман назарын өзіне аударып, ыстық ықыласқа ие болды. Бұл кітапта қаламгер қазақ тілі, ділі, мәдениеті жөнінде құнарлы ой түйді, оқырманның көкірегін оятып, сезіміне сәуле түсірді. Герағамыз осы кітабында: “Жаратушы еш халыққа дәл қазақтардай дарын сыйлаған жоқ. Өкініштісі, қазақтардың өзі мұны нашар түсінеді және сол дарынын болмашыға шашып, рәсуа етеді”, – деген екен.

Герағаның азаматтық дара тұлғасы Қазақстан халқына жақсы таныс. Ол қазақтың туы биіктен желбіреп, абыройы асқақ, мерейі үстем болуы үшін шындықты шырылдатып айтып, ұлттық намысымызды қайраған патриот болды. Ол әрқашан халқына қоғамда болып жатқан барлық жайтқа немқұрайды қарамай, “азаматтық жүрекпен” сезе білу керек деуден жаңылған емес. Тағдыр қазаққа осындай талантты сыйлапты.

Жанар ТАЛАСПАЕВА,

 М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Тіл және әдебиет институтының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp