«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАҒЫЛЫМЫ ЗОР ТАРИХ

Үнемі елдің ертеңін ойлайтын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы жарық көргенін естіген бойда оқып шығуға асыққаным рас. Өйткені, көп жасап, көпті көрген ардагер ретінде Елбасымыздың кез келген саяси реформаларынан, бағдарламалық мақалаларынан, Жолдауларынан тың жаңалықтар мен тапсырмалар күтемін. Бұл жолғы мақаласында да көтерілген мәселелер, айтылған әңгімелер әрбір қазақ баласының ұлт болып ұйысуына бағдар беріп, ата тарихымызды зерделеуімізге жол сілтейді.

Сан жылдық тарихы бар қазақ жерінің Ұлы дала аталуы жайдан-жай емес. Алаштың Атыраудан Алтайға, Арқадан Алатауға дейінгі сайын даласында, Президент атап көрсеткендей, материалдық мәдениеттің көптеген дүниелері пайда болды. Мәселен, атқа міну мәдениеті мен жылқыны қолға үйрету жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Со-нымен қатар есімдері әлемге мәшһүр болған небір ойшылдардың, ағартушылардың: әл-Фараби мен Яссауидің, Күлтегін мен Бейбарыстың, әз-Тәуке мен Абы-лайдың Ұлы даладан шыққаны даңқымызды төрткіл дүниеге жайды. Бұл болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір адамның бойына мақтаныш сезімін ұялатуы тиіс.

Елбасымыз Ұлы даланың бесінші қырын “Түркі әлемінің бесігі” деп танып отыр. Расында да, Алтай Қазақстан жерінің тәжі ғана емес, күллі түркі әлемінің бесігі саналады. Халқымыз тәуелсіздікке дейін біраз зобалаңдарды бастан өткерді. Түбір бір түркі бауырларымызбен арадағы байланыстың арқауы үзіліп қалған кезеңдер де аз болмады. Бұл туралы ақын Мағжан Жұмабаев:

“Ер түрік ен далаңа көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.

Тұрғанда бақыт құсы бастарында,

Іргесі жел, күн тимей берік еді”, – деп жырлаған ғой. Қазіргі жағдай түркі жұрты жұмылса жұдырық болатынын дәлелдеп отыр емес пе?! “Тарих пен география түркі мемлекеттері мен ұлы көшпенділер империялары сабақтастығының айрықша моделін қалыптастырды”, – деді Елбасымыз.

Президенттің бұл мақаласын “Рухани жаңғыру” бағдарламасының жалғасы ретінде жылы қабылдадым. Біз тарихымызбен, елімізді қорғаған батыр бабаларымызбен, өткенімізбен мақтануға тиіспіз. Бұл – еліміздің табысты болуының кепілі.

Күлзи БИСАРИНА,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp