Биылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Алайда, қоғамда бұл жаңашылдыққа қатысты пікір әр алуан.
Жаңа жүйе іске қосылмай жатып, келеңсіздіктерге тап болған тұрғындардың мәселесін кім шешеді? Мәселен, көпбалалы ана Мәншүк Құспекованың басынан мынадай оқиға өтті.
Бес жастағы ұлына суық тиіп, ыстығы көтерілген. Кейін облыс орталығындағы емханалардың бірінде учаскелік терапевтің қабылдауында болған. Дәрігер тұмауға қарсы дәрілерді қабылдауға кеңес берген. Жаңа жылдан бастап МӘМС аясында 18 жасқа дейінгі балаларға тегін дәрі-дәрмек берілуі тиіс. Бірақ көп адамдар бұл жеңілдікке қол жеткізе алмай отыр. Мәншүк Құспекова да осы келеңсіздікке күйінеді. Мамандардың айтуынша, балаларға тегін дәрі-дәрмек қашан берілетіні белгісіз. Елімізде дәрі-дәрмекті жеткізумен бірыңғай дистрибьютор “СК-Фармация” компаниясы айналысады. Бірақ олар мұндай келеңсіздікті жоюға асығатын емес.
“Баяғы жартас, сол жартас” демекші, созылмалы сырқаты бар науқастар әдеттегідей жылдың басында дәрі-дәрмек тапшылығына кезігеді. Өйткені, еліміздегі бірыңғай дистрибьютор дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша тендерді кеш өткізеді. Сондықтан балаларға берілуі тиіс дәрі-дәрмекке ата-аналар да қол жеткізе алмай отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтен мән-жайды сұрап білген едік.
Үстіміздегі жылы өңір тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінген. Жіті респираторлық вирусты инфекция, өкпе, жүрек және тағы басқа аурулармен сырқаттанған кішкентай науқастар алдағы уақытта тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізбек. Өкінішке қарай, оның қай уақытта өңірге жеткізілетінінен басқарма басшысы да хабарсыз. Ал созылмалы сырқаты бар науқастар үшін облысқа қажетті дәрі-дәрмектің алғашқы легі қаңтар айының басында жеткізілген.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы тұрғындардың компьютерлік томография (КТ) мен магнитті-резонансты томографиядан (МРТ) тегін өтуіне мүмкіндік бар. Мұндай медициналық көмекті сақтандыру жүйесінің қатысушылары алады. Еліміздің өзге өңірлерін айтпағанда, тұрғындарының саны алты жүз мыңға да жетпейтін біздің облыста диагностикалаудан өту үшін айлап кезек күтуге тура келуде.
– Қазір облыста 2009 жылы сатып алынған бір ғана МРТ жұмыс істейді. Оның жиі істен шығуына байланысты тұрғындар тексеруден өту үшін өзге өңірлердің көмегіне жүгінетін. Бұл мәселені шешу мақсатында өткен жылдың соңында заманауи МРТ аппаратын сатып алдық. Қазір облыстық ауруханада оны іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Бұл кезек санын төрт аптадан екі аптаға дейін қысқартуға мүмкіндік береді, – дейді облыстың бас дәрігері.
Өткен жылы ескі құрылғының істен шығуына байланысты науқастар біраз сандалған еді. Сол себепті жыл соңына дейін облыстық онкологиялық диспансерде тағы бір МРТ аппараты орнатылады.
Қазіргі таңда біздің өңірде бес компьютерлік томограф бар. Соның біреуі өткен жылдың тамыз айында сатып алынды. Қазір аталмыш құрылғы облыстық ауруханада тұр. Қалғандары онкологиялық диспансерде, облыстық балалар және көпбейінді қалалық ауруханаларда жұмыс істейді. Тайынша аудандық ауруханасында да дәл осындай аппарат орнатылды. Бюджет қаржысы есебінен 2021 жылы тағы бір компьютерлік томограф сатып алынады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметі бойынша, томографтардың саны жеткілікті. Үстіміздегі жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында үшінші МРТ аппаратын алу жоспарда бар. Қазір конкурстық құжаттар әзірленуде, – деген Тимур Сұлтанғазиев міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің тиімділігін тілге тиек етіп, жаңа жобаның нәтижесін алдағы уақытта көретінімізді айтты. Сондықтан әліптің артын бағайық.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.