Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк саясат Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді. Бүгінде елімізде тұрғындардың денсаулығын сақтауға, өмір жасын ұзартуға, тегін медициналық көмекпен қамтамасыз етуге айрықша басымдық беріліп отыр. Заң аясында атқарылып жатқан іс-шаралар мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына ақ халаттылардың қосып отырған үлесі орасан.
Мен Ресейдің Түмен облысының тумасымын. Орта мектепті тамамдаған соң Целиноград қаласындағы мемлекеттік медициналық институтқа оқуға түстім. Емдеу ісі мамандығы бойынша білім алып, бұрынғы Булаев ауданындағы (қазіргі Мағжан Жұмабаев) Полудин учаскелік ауруханасына жолдама бойынша жұмысқа орналастым. Ол кездері емдеу ісінде заманауи технологияларды қолдану мүмкін болмады.
Мен үшін учаскелік аурухана шыңдалу мектебі болды. Өйткені, жарақат алған науқастардың жарасын таңу, тіпті, кейбіреуіне хирургиялық көмек көрсету, балалар мен жүкті әйелдерді қабылдау сияқты терапевтің міндетіне жатпайтын шаруаларды атқаруға тура келді. Тәжірибем аз болса да, дертіне дауа іздеп келген науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге тырыстым. Кейін облыс орталығына қоныс аударып, №3 қалалық ауруханада ұзақ жылдар еңбек еттім. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында бөлім басшысы, №1 қалалық емханада бас дәрігердің орынбасары ретінде тәжірибе жинақтадым. Сондықтан медицина саласының кешегісі мен бүгіні көз алдымда.
Денсаулық сақтау саласын тәуелсіздікке дейін және кейін деп қарастырсақ, екеуінің арасы жер мен көктей. Қазір емхана мамандары 19 ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. Сандық дәуір кезеңінде біз қағазбастылықтан арылып келеміз. Мұны 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне дайындық шараларының бірі ретінде қарастырған жөн.
Еліміздің әр азаматы тегін кепілдендірілген медициналық көмек алуға құқылы. Заң аясында біз емханада тіркеуде тұрған кез келген адамға тегін көмек көрсетуге міндеттіміз. Сондықтан тіркеуде жоқ адамдарды анықтап, оларға жаңа жүйенің мүмкіндігін түсіндірудеміз. Келесі жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Қазір электронды үлгіде аурулардың тізбесі жасалып, қант диабеті, артериалды гипертензия, жүрек сырқаты сынды дерттерге шалдыққан науқастарға ерекше қолдау көрсетілуде.
Бүгінде қырық учаске бойынша 68600 тұрғынға медициналық қызмет көрсетеміз. Соның он бір мыңнан астамы балалар. Отбасылық үлгідегі емханада тоғыз бөлімше бар. Оларда 104 дәрігер мен 230 медбике еңбек етеді. Дәрігерлердің жүктемесін азайту мақсатында жаңа учаскелер ашылуда.
Бұған дейін қалалық емханада кадр тапшылығы өзекті болатын. Соның салдарынан дәрігердің қабылдауына жазылу тұрғындарды біраз әбігерге салды. Сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында биыл жоғары оқу орнын тамамдаған педиатр, жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт сияқты он төрт маман жақында жұмыс істеуге келді. Дәрігерлердің жалдамалы пәтері үшін емхана ай сайын әр жас маманға елу мың теңге төлейді. Егер жас мамандардың балалары жекеменшік балабақшаларда тәрбиеленетін болса, он тоғыз мың теңге көлемінде емдеу мекемесі тарапынан қосымша ақы төленетінін де атап өткен жөн. Бұл жас дәрігерлер үшін үлкен қолдау. Жалпы, елімізде жастарды, білікті мамандарды қолдауға бағытталған осындай ілкімді істердің жүзеге асырылып жатқаны көңіл қуантады. Жауапкершілік жүгі зор мамандыққа бар өмірін арнаған ақ халаттыларға әлеуметтік көмек көрсетудің маңызы зор. Сондай-ақ, осы жылы сәулелік диагностика мен лор дәрігерді резидентураға оқуға жібердік. Болашақта олар ұжым қатарын толықтырады. Жалпы тәжірибе дәрігері, педиатрия, терапия учаскелері мамандармен толық қамтамасыз етілді. Десе де, ультрадыбыстық зерттеу дәрігері, функционалды диагностика, лор, кардиолог, эндокринолог сияқты бірқатар мамандарға қажеттілік әлі де бар.
Бүгінде отандық медицина қарқынды дамып келеді. Сандық технологиялардың көмегімен медицинаның мүмкіндігі артатынына көз жеткізудеміз. Биыл емханаға ультрадыбыстық қондырғы сатып алдық. Рентген, лор, функционалды диагностика кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталды. Өткен жылы жедел жәрдем бөлімшесі ашылды.
Денсаулық сақтау саласына жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі де аз емес. Мәселен, аурулардың алдын алу үшін скринингтік тексерулерге қомақты қаржы бөлінеді. Әр адам өзінің денсаулығына бей-жай қарамауы керек. Аурулардың алдын алу үшін еңбекке қабілетті азаматтардың скринингтік тексерулерден өтуін әрбір жұмыс беруші де қадағалауы тиіс. Өйткені, Қазақстан Республикасында азаматтардың денсаулығын сақтау туралы заң әрбір адамға ғана емес, басшы мен жұмыс берушіге де жауапкершілік жүктейді.
Ұлбосын ҚАЖАХМЕТОВА,
№1 қалалық емхана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары.