2016-2019 жылдарға арналған “Денсаулық” мемлекеттік бағдарламасы аясында облыста сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу және әйелдердің денсаулығын сақтау бойынша онкүндік басталды.
Онкүндіктің мақсаты – халықтың назарын осы қатерлі дертке аудару, сүт безі ісігінің қаншалықты қауіпті және кең таралғандығын ескерту болып табылады. Онкүндік барысында онкологиялық диспансерде “Ашық есік күндері” өткізіліп, мамандар тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін оған ерте диагностика жасалып, сапалы және дер кезінде көмек беріледі. Көбіне бұл ауру күйзелістен, дұрыс тамақтанбаудан, тұқым қуалаушылықтан болады екен. Бүгінде ауруды ерте анықтаудың жолы – скринингтік тексеруден өту. Бұл ауру көбіне қырықтан асқан әйелдерде жиі кездеседі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша әлемде 35-59 жастағы әйелдер арасындағы өлім-жітім себебінің 16 пайызы сүт безі қатерлі ісігіне қатысты болады. Облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяк аурудың себебі әртүрлі екенін айтты.
– Сүт безінің және жатыр мойны ісігі аурулары – әлемде кең тараған дерттердің бірі. Облыс бойынша үстіміздегі жылдың тоғыз айында 126 әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталды. Солардың 82 пайызы – алғашқы сатысында тіркелгендер. Қалғандары ауру белгілері байқалса да, дәрігерге көрінбеген. Ауруды ерте бастан емдеу, жеңіл әрі арзан болады. Ал үшінші, төртінші сатыларына дейін жеткізсе, оны емдеу ұзаққа созылады. Мысалы, үшінші кезеңдегі қатерлі ісікті емдеу үшін 10 млн. теңгеге дейін қаржы жұмсалады, – дейді дәрігер.
Ақхалаттылар соңғы кездері тұрғындардың көпшілігі денсаулығына салғырт қарамай, тексеруден өтуге келіп тұратындығын айтады. Әрине, ол – қуанарлық жайт. Бұл салада орын алған тағы бір жаңалық бар. Жергілікті дәрігерлер қатерлі ісікті ерте бастан анықтауға септесетін “Онкоскрин” бағдарламасын ойлап тапқан. Ол үшін қалтадағы смартфонға жүктелген қосымшаның көмегімен 1-2 минуттың ішінде сауалнамаға жауап беру қажет.
– Мобильді қосымша бір аптадан бері “Android” операциялық жүйесінде қолжетімді. Осы аралықта оны елу мыңнан астам адам ұялы телефонына жүктеп алған. Мыңнан астам адам оң пікір білдірген. Мобильді қосымша скринингті алмастырады деген сөз емес, ол тек азаматтарға ұсыныс жасайды. Яғни, тест қорытындысы бойынша аурудың алғашқы белгілері анықталса, скринингтен өтуге немесе дәрігерге баруға кеңес береді. Алдағы уақытта оны “Ios” жүйесіне қосу да жоспарланған, – дейді жоба авторы, облыстық кардиологиялық орталықтың рентгенолог-хирург дәрігері Дмитрий Тё.
Айгүл ХАМЗИНА,
“Солтүстік Қазақстан”.