“Мұнаймаш” АҚ-ға инновациялық жоба бойынша орнатылған жапондық заманауи станоктарды алғашқы болып игерген мамандардың бірі – Оралбек Балғабаев. Оның аталмыш өндіріс орнында әмбебап токарь болып еңбек еткеніне де 6 жыл болыпты.
– Мен еңбек жолымды қазіргі М.Әуезов көшесінде, өзім түтін түтетіп жатқан Сенная база шағынауданына жақын орналасқан “Ремдормаш” кәсіпорнында токарьдың үйренушісі болып бастадым. Сонда тәжірибеден өттім, нағыз темір жонушы болып қалыптастым. Қалай десем де, албырт жастық шағымды өткізген шағын зауыт мені токарьлықтың қыр-сырына үйреткен өмір мектебі болды, – дейді Оралбек Миғражұлы.
Кейін Оралбек Балғабаев Петропавл ауыр машина жасау зауытына ауысып, азаматтық борышын өтеуге сол жерден аттаныпты. Ауған соғысына қатысып, “Қызыл Жұлдыз” орденімен, “Ерлігі үшін” медалімен оралған жауынгер көп ойланбай, еңбегін “ПАМЖЗ” АҚ-да жалғастырады. Өндірістен қол үзбей, облыс орталығындағы Қарағанды политехникалық институтының филиалын инженер-технолог мамандығы бойынша аяқтайды.
– Әскери қызметімді қосқанда аталмыш зауытта 14 жыл еңбек еттім. Жол қатынасының қиындығы орын ауыстыруыма себепкер болды. Қазір алты жылдан бері үзіліссіз әмбебап токарь болып еңбек етіп келемін. Мұнай өндірісіне арналған, Қазақстан бойынша тек біздің зауытта ғана шығарылатын ұңғылық штангалық сорғылар мен оларға қосымша қорғаныс қондырғыларының станокта жасалатын бөлшектерін қысқа мерзімде жону үшін бірнеше түрлі тәсілдер ойлап таптық. Бұрынғы станоктарда 2 сағат бойы жонылып-өңделетін бөлшектерді 40 минутта жасауға қол жеткіздік. Жапонияның заманауи “Nakamura-Tome” қондырғылары орнатылғалы еңбек өнімділігі үш есе артты. Өнімдеріміз әрі сапалы, әрі әлемдік стандартқа сәйкес келеді. Еңбекақымыз да 140 мың теңгеге дейін көтерілді. Станокқа бауыр басып қалғандықтан ба, мамандығымды ауыстырғым келмейді, – дейді токарьлықтан ғана 34 жыл еңбек өтілі бар әмбебап маман Оралбек Балғабаев.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.