«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕҢДЕСІ ЖОҚ ТЫҢ ЖОБА

Тайынша ауданында Қазақстанда бұрын-соңды қолға алынбаған жоба, яғни сабан қалдықтарынан құрылыс панельдерін шығаратын зауыт іске қосылды. Бастама Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Айтулы іс-шарада аудандық әкімдік пен білім ордасы ара­сында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құ­жат экологиялық әрі берік құрылыс материалдарын әзірлеуге негіз болмақ. Кездесуге қатысқан қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев іске қосылған бағдарлама өңір экономикасына оң әсер етіп, жастардың ғылым мен өндіріске қызығушылығын арттыратынын атап өтті.

– Өңірімізде өсімдік шаруашылығы қалдықтарынан құ­рылыс материалдары әзірленетін және де бірнеше маңызды бағытты біріктіретін заманауи өндіріс ошағы ашылды. Жаңа технологиялардың еңгізілуі, ауыл шаруашылығы ресурста­рын тиімді пайдалану экологиялық таза құрылысқа, ауыл шаруашылығы қалдықтарын кәдеге жаратуға және жергілікті өндірісті дамытуға, импортты алмастыруға кең жол ашады. Азықтық емес сабанды пайдалана отырып, сұранысқа ие құ­рылыс материалдырын шығаруға зор мүмкіндік береді. Л.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетімен әріптестік жалғасын табатын болады, – деді Қанат Мәлгаждарұлы.

Президенттің шикізатты тереңдетіп өңдеу туралы тапсыр­масы аясында іске асырылған жобаның құны – 1 млрд. теңге. KZ.ECO desk сапа стандартына сәйкес келетін бұйымдар беріктігімен, ылғалға және отқа төзімділігімен ерекшеленеді, аккредиттелген зертханаларда сынақтан өткен. Қазақстанда патенттелген, РСТ халықаралық патенттеу белгісімен мақұл­данған. Жиналған егіннен қалған сабан қалдығы енді пайдалы құрылыс материалына айналады. Өндірістің Тайынша ауда­нында орналасуының себебі, шикізаттан тапшылық көрмейді, логистика қолайлы, қосымша инвестиция тартуға да игі әсері мол.

– Жоба Мемлекет басшысының «ғылымнан бизнеске» технологиялық дәліз құру, ғылыми әзірлемелерді коммер­цияландыру және отандық материалдар мен озық техноло­гялар негізінде экспортқа бағдарланған өндірістерді қалып­тастыру жөніндегі стратегиялық бастамаларымен толық үн­деседі. Мұның өзі – ғылым мен өндірістің тиімді ынтымақ­тастығының айқын мысалы. Зауыттың инновациялық өндірістің үлгісі болатынына сенімдімін, – деді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Аудан әкімі Берік Әлжанов өндірістік үдерістерге ғылым жаңалықтарын енгізу өңірдің әлеуметтік-экономикалық да­муында маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Оның сөзіне қа­рағанда, өндірістік шығындарды автоматтандыру және оңтай­ландыру есебінен тиімділігі артады, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі қамтамасыз етілуде.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары екі жыл жүргізіліп, 20-ға жуық сынақ өткізілген. Бұл қадам университеттің ғылыми әуелеті­мен қатар, зерттеулерді нақты өнеркәсіптік шешімдерге айнал­дырудағы беделін көтереді. Барлық қызмет автоматтандырыл­ған. Жұмысқа қабылданатын 25 тұрғын заманауи жүйенің та­лапқа сай істеуін қадағалайды. Қондырғыға бір уақытта 5 па­нель шығаруға болады. Материал 7 минуттың ішінде дайын болады. Осылайша бір күннің ішінде 300-350 панель әзірле­неді. Айлық қуаттылық 6-7 мыңға жуықтайды. Алдағы уақытта өндіріс көлемі артады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp