«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕҢІЗДІҢ ТАМШЫСЫНДАЙ ҮЛЕСІМ БАР

Мен Қызылорда қаласында дүниеге келіп, 2005-2010 жылдар аралығында қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Лицейде оқып жүрген кезімде өзіме дәріс берген ұстаздарыма еліктеп, мұғалім мамандығын таңдауға шешім қабылдадым. Оған лицейдегі ұстаздарымның бізге деген сүйіспеншілігі, білімге деген құлшынысымызды арттыру мақсатында жасаған жақсылықтары мен зор ықыластары ықпал етті. Өмірлік мақсатымды жүзеге асыру үшін Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқыдым. Қазір Петропавл қаласындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінде ұстаздық етіп жүрмін. Бұл шешімімнің өмірдегі ең дұрыс шешім екендігінің куәсі – ол менің оқушыларым. Олардың қуанышымен бөлісіп, ренішіне ортақ болу, өмірдегі өз кірпіштерін қалауға көмектесу, әрдайым қастарынан табылу – мен үшін үлкен бақыт.

Мен өз мамандығымды қалай сүйсем, таңдаған пәнімді де өте жақсы көремін. Биология – ол адамнан бастап, бүкіл қоршаған ортаны зерттейтін салалардың бірі. Пәннің ілім-ғылымын балаларға түсінікті етіп жеткізу арқылы оларды адам ағзасына зиянды әрекеттерден сақтаймыз. Өмірде ненің жақсы, ненің жаман екенін байыбына барып түсіне қоймаған жасөспірімдерді болашақта темекіге немесе басқа да зиянды заттарға әуес болмауға үйретеміз. Осының барлығын түсіну де пән мұғалімінің сабаққа дайындығына байланысты. Сондықтан әр сабағымда диалогты оқыту әдісін, “Сыни тұрғыдан ойлау” модулін қолданамын. Оқушыларға интерактивті білім беруді басшылыққа аламын. Яғни, сабақ жүйесінде оқушы мен оқушының өзара белсенді іс-әрекет жасауына бағыт беремін.  

Оқушылардың танымдық қабілетін арттыру мақсатында жас ерекшеліктеріне қарай семинар, конференция, рөлдік ойындар, жарыс, саяхат сабақтарын, сахналық сабақ түрлерін пайдаланамын. Өйткені, бес саусақ бірдей емес, сол сияқты, сыныптағы оқушылардың түсіну деңгейі де әртүрлі. Оқушыларымның біреуі сабақты ойын түрінде жақсы қабылдаса, екіншісі жарыс түрінде ұйымдастырылған сабақты тез түсінеді. Меніңше, жаман оқитын бала жоқ, тек әрбір баланың қабілетінің түрлі жолын тауып, аша білу қажет. Жалпы білім беретін пәндер олимпиадасының облыстық кезеңінде оқушыларым Анар Сұратаеваның – І орын, Мәдина Ғазезова мен Әнел Жәнібекованың ІІІ орын алуы олармен жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білемін.

Ұстаздардың жан-жақты жұмыс істеуіне лицей әкімшілігінің де қолдауы жоғары. Мектеп ішінде түрлі жоба жарыстарын үзбей өткізіп тұрамыз. Солардың бірі, қазір Еуропада кеңінен таралып жүрген жоба жарысы, “PBL” деп аталады. Бұл жоба жарысына биология пәні бойынша зерттеліп жүрген тақырыптар алынды. 8-сынып “Миопия” (алыстан көрмеушілік), 9-сынып “Сыныптағы өсімдіктердің емтихан кезінде оқушыларға әсері”, 10-сынып “Құлаққаптың адамға әсері” деген сияқты бүгінде қоғамда және лицейімізде белең алып бара жатқан мәселелерді шешуге тырысты. Осылайша оқушыны кеңінен ойлауға, ауқымды мәселелердің шешімін таба білуге жетелейміз.

Назерке КӘРІМОВА,

дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінің биология

пәнінің мұғалімі.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp