Медициналық сақтандыру халықтың денсаулығын қорғаудың негізі болып табылады. Дамыған елдердің көпшілігі оны денсаулық сақтау саласында қолданып, нәтижесін көріп отыр.
Бүгінгі таңда басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам сирек. Сондықтан да денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын ала ойластыру қашанда оң нәтиже бермек. Әр адам денсаулығы үшін өзі жауапты, дегенмен, мемлекет бұл мәселеде қарапайым халыққа көптеген жағдайларды, ұтымды және жақсы мүмкіндіктерді жасап отыр. Ендігі жерде бұл іске мемлекетпен бірге жұмыс беруші де белсенді араласпақ. Денсаулық сақтаудың жаңа тиімді жүйесін құру қажеттілігі – әбден пісіп жетілген мәселе. Әлеуметтік медициналық сақтандырудың барлық жүйесінің негізгі принципі – мемлекет, жұмыс беруші және азаматтар арасындағы ынтымақтастық. Қазір біздің еліміздің барлық салаларында халықаралық стандарттар енгізілуде. Біз халықаралық қаржылық есептіліктен бастадық, содан кейін ЭЫДҰ (экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) стандарттарын енгізуді қолға алдық. Бұл ұйымға мүше көптеген елдерде медициналық сақтандыру дамыған, болашақта жаппай қамту көзделуде.
Адамдардың өз денсаулығы жайлы ерте бастан ойланып, сақтандыруынан басқа тиімді жолды әлем әлі ойлап тапқан жоқ. Барлық шығындарды мемлекет төлеген жағдайда кейбір азаматтар тарапынан “мұндай көмек кедейлерге арналған, сол себепті де сапасыз” деген ой қалыптасуы мүмкін. Қалталы азаматтар жекеменшік клиникаларда емделгенді жөн кереді. Оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру арқылы да емделетіндер бар.
Халықтың денсаулығына мемлекет жауапты деген түсініктен арылатын уақыт жетті. Сондықтан енгізілетін жүйе медициналық көмекті қаржыландыру тәсілдерін және ұйымдастыруды түбегейлі өзгертуді талап етеді. ДДҰ-ның деректері бойынша, азаматтардың денсаулығының 8-10 пайызы – медицинаға, ал қалғаны саламатты өмір салтын ұстануға және қоршаған ортаның әсеріне, тұқым қуалаушылыққа және т.б. байланысты екен.
Кардиологиялық орталық науқастарға кардиохирургия және қан-тамыр хирургиясы бөлімшесінде, сонымен қатар интервенциялық кардиологтармен, ангиографиялық зертхана жағдайында рентгенхирургтармен мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. 2017 жылға біздің облысымыздың тұрғындарына тегін медициналық көмек үшін 502,9 млн. теңге қарастырылған.
Сақтандыру жүйесінің ынтымақтастық және әділдік принциптері жүйеге қолда бар табыстан міндетті жарналардың төленуін және ақы мөлшеріне қарамастан, үкіметпен бекітілген қажетті көлемде медициналық көмек алуды қарастырады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмек алуға мүмкіндік береді, оның құны жұмыс берушінің, сондай-ақ, қызметкерлердің аударымдары көлемінен айтарлықтай асуы мүмкін. Мәселен, орташа айлық жалақысы 111 000 теңге болатын қызметкерге жұмыс беруші айына 1 110 теңге немесе жылына 13 320 теңге аударады. Десек те, аударған сомаға қарамастан, қажет болса, құны 1 768 597 теңге тұратын жүрек отасын жасатуға және қажетті дәрі-дәрмек алуға құқылы.
Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында медициналық қызмет пакеттері сақтандырылған азаматтың тұрған жеріне қарамастан, қордың келісімшарт жасаған ұйымында ұсынылады. Шұғыл жағдайлар орын алғанда медициналық көмек бастауыш ұйым мамандарының жолдамасынсыз көрсетіледі.
Қызмет көрсеткісі келген барлық медициналық ұйымдар белгілі бір процедураларды өтіп, өздерінің ғимараты, құрал-жабдықтары мен халыққа білікті дәрігерлік көмек көрсете алатын маман кадрларының бар екендігін қорға дәлелдеуі керек.
Денсаулық сақтаудың электрондық жүйе базасында әрбір сақтандырылған азамат өзінің жеке кабинетіне логин және құпия сөз арқылы кіре алады. Онда көрсетілген медициналық қызметтер, емдеу барысы, диагностика жайлы ақпараттар алуға болады.
Азамат МАҒЗҰМОВ,
кардиологиялық орталықтың бас дәрігері.