«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРІМ ЕРЕКШЕ ЫСТЫҚ

Туған жерің – алтын бесік атамекенің. Ол – әке-шешеңнің, ата-әжеңнің құтты қонысы. Әр адамның «кіші Отанына» деген сүйіспеншілігі ерекше  болатынын жастайымнан бойыма сіңіріп өстім. Менің туып-өскен жерім – Есіл ауданындағы Бұлақ ауылы. Бақытты балалық шағым осында  өтті.  Үлкен қазақ ауылында жалғыз ғана орыс отбасы тұрсақ та, «Сен орыссың, біз қазақпыз» деп бөлгендерін ешқашан естімеппін.

Отбасымызбен қазақ жеріне әбден бауыр басып кеткенбіз. Ең алдымен, бұл елді мекенге атам мен  әжем қоныс аударыпты. Қайырымды жандардың шапағатын көп көріпті. Қазақ халқына деген сүйіспеншіліктерін ауыздарынан тастамайтын, үнемі айтып отыратын. Бір уыс топырақ осы жерден  бұйырды. Ауылдастарымның мұсылман  зиратына жерленуіне еш қарсылық білдірмегенін, туыстарымыздай болып кеткен жандарды қалай бөлектейміз дегендерін естігенде жанарыма жас үйіріліп, керемет толқыдым. Татулықты, достықты, өзара сенім мен сыйластықты өмірлерінің  ең басты мәніне айналдыра білген құдайы көршілеріміз –  Таймуллиндер, Қожахметовтер, Мұқашевтар және тағы басқа  отбасыларға алғысымыз шексіз. Ауылдың балаларымен бірге  қой баққан сәттерді ең қымбат кезеңіме балаймын. Сондағы  дала шөбінің хош иісін-ай! Бақытгүл, Роза деген құрбыларыммен үй маңайындағы көгалға көрпе жайып, қуыршақ ойнаған, ер балалармен доп қуалаған күндерімді  әлі күнге дейін тебірене еске аламын.  Мен де, үш інім  де бала кезіміздегі достарымызбен әлі күнге дейін араласып тұрамыз.

Қайырлы аға мен Сапура тәте туралы  ерекше айтқым келеді. Бұл адамдар мен  әжем Анастасия бірін-бірі көргенше тағат таппайтын, сағыныштарын  сүт қатқан қою шай ішіп басатын.  Отбасылық достық қарым-қатынасымыз жалғасып келеді.  Олардың балалары Сапар мен  әке-шешем  бірге туған туыстан кем емес. Дастарқанымыздың, мерекелеріміздің ең сыйлы қонақтары. Әкем Василий кезінде ұлттық спортпен айналысқан, техниканың құлағында ойнаған ауылдың сыйлы адамы болды. Үйге келгенде өз әріптестері туралы тек жылы сөз айтып отыратын. Анам Валентина  бауырсақ пісіруді ұнататын. Ал айран ұйытуды Күміс Иманбайырова тәтеден үйренгені есімде. Ол кісі– анамның құрдасы еді, телефон арқылы жиі хабарласып тұратын. Бір-біріне деген шынайы ілтипаты  бәрімізге үлгі. Жалпы әке-шешем қазақ халқының салт-дәстүрлеріне үлкен сыйластықпен қарап, үйреніп қана қоймай, біздің де бойымызға сіңіре білді. Көршілеріміз  сияқты соғым сойып, қуырдаққа тойдыратын.    

Ата-анамның тәрбиесінің арқасында  туған ауылыма, қазақ тіліне,  елге деген құрметім ерен. Бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мүғалімімін. Осы жолды таңдауыма өз ісінің маманы, тәлімгер ұстазым Гүлсария Елеукенқызының, әріптесім әрі құрбым Айжан Боранбайқызы мен  осы ауылға  келін болып келетін Балғаным Дүйсенқызының ықпалы ерекше болды.

Мен үшін Бұлақ ауылының  адамдары ерекше ыстық. Ең бақытты, таза, уайым-қайғысыз кездерімді осы өңірмен байланыстырамын. Осындай қазақ ауылында туып-өскенімді мақтан тұтамын.

 Людмила МИЛЮТИНА,

  №17 ұлттық өркендеу орта мектеп  кешені қазақ  бөлімінің  мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp