«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫНЫС АЛУ АППАРАТТАРЫН ТАРТУ ЕТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты “Зекет” қоры өңірлік филиалының ұйымдастыруымен “Өмірге үміт сыйла!” акциясы аясында ауруханаларға 36 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты жеткізілді. Қайырымдылық шарасы аясында қордың арнайы шотына өңіріміздің 20-дан астам кәсіпкері мен жеке азаматтар 23 миллион теңгеге жуық қаржы аударған.

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбайдың айтуынша, хабарландыру берілген күннен бастап бір апта ішінде ұлтына, дініне қарамай, науқастарға қол ұшын созуға дайын өңіріміздің белді кәсіпкерлерінен қомақты қаржы түсе бастаған. “Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қабдрахман Сақтағановпен ақылдасып, жиналған қаражаттың 15 миллион теңгесіне Ресейден 36 аппарат сатып алуды жөн көрдік. Жергілікті ауруханалар дәл осы жабдықтан тапшылық көруде. Шоттағы қалған қаржы алдағы уақытта өзге медициналық құралдар мен дәрі-дәрмек сатып алуға жұмасалмақ”, – дейді Кенжетай Байкемелұлы.

Бүгінде өкпені жасанды тыныстандыру аппаратының 20 данасы көпбейінді облыстық ауруханаға, оны – Бескөлдегі аудандық ауруханаға, екеуі – Уәлиханов, қалғаны бір-бірден Ақжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев және Мамлют аудандарына жеткізілген. Игі шараны ұйымдастырушылар қайырымдылық жасау үшін арнайы ашылған есепшоттың әлі де жұмыс істеп тұрғанын хабарлайды.

Біздің өңірімізде инфекцияға байланысты ахуал жақсарып келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 18 шілдеде өткен коронавирус індеті таралуының алдын алу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында атап өткен. “Өзге аймақтарға қарағанда Солтүстік Қазақстан облысындағы жағдай жақсы. Мұны мойындағанымыз жөн. Статистикалық көрсеткіштер бойынша да аталмыш өңір жақсы жұмыс істеп жатыр”, – деген болатын Президент.

Соңғы мәлімет бойынша, облыста жаман індетті жұқтырғандардың жалпы саны 2198 адамға жетті. Оның 69-ы соңғы тәулікте тіркелген. Коронавирустан 1203 адам емделіп шықса, 8 науқас көз жұмды. Ал еліміз бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 71 838-ге жетті.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp