Халқымыздың тарихын зерттеген алғашқы ғалымдар “Алаш-орданың” серкелерінің қатарынан қанаттанып ұшқан. Солардың бірі екінші мемлекеттік думаның депутаты, қазақтың тұңғыш темір жол инженері, әрі тарихшысы Мұхамеджан Тынышпаев (1879-1937) еді.
Ол қазақ тарихын талмай зерттей жүріп, оны бұрмалаушылармен қаймықпай күресіп, ақиқатты жазды. Осы орайда ол тарихымызға теріс көзқараста болған А.Чулошниковтың (1894-1941) осындай мазмұндағы еңбегін “История казахского народа” атты зерттеуінде (1925 жылы жазылған) қатты сынайды.
Оның бұл кітабы 1993 жылы ғана қайта басылып шықты.
Білім аясы кең, тарихымызға жетік ғалым сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Ол 1932 жылғы 22 сәуірде тұтқындалып, Воронеж қаласына жер аударылды.
Осы қалаға әкесін іздеп барған ұлы Ескендірге “Халық жауының баласы” деген жала жабылып, ол да тұтқындалады.
Е. Тынышпаев «Соловки» лагеріне қамалып, 1944 жылға дейін “Гулаг” лагерьлерінде азап қамытына мойын ұсынады.
Ал Мұхамеджан Тынышпаев жер аударылып жүргенде “Москва-Донбасс” темір жолын салуға еңбек сіңіреді.
Осы құрылыстың бастығы Шатов деген адам М. Тынышпаевты оның “Түрксиб” темір жолын салған кезінен білетіндіктен, адал, білімді адам екеніне көзі жеткендіктен, босап шығуына ықпал еткен.
Алайда, тарихшының қазақтың рулары, хандары, тұғырлы тұлғалары, ұлт-азаттық көтерілістер туралы жазған шынайы шығармалары Кеңес одағы идеологтарының қытығына тиіп, М. Тынышпаевты 1937 жылғы 21 қарашада қайтадан тұтқындайды.
Оның еңбектерінің халқымыздың өткенін тануымызға пайдасы мол. Мысалы, болашақ зерттеуші Санкт-Петербургте оқып жүрген студент кезінде министрлер комитетінің төрағасына хат жазып, патшаның жарлығымен шығарылған “Уақытша Ереженің” қазақ халқының мойнына түскен бұғауды бұрынғыдан да тарылта түскенін қаймықпай жазғаны таңғалдырады.
Осы кітапты оқыған адам М. Тынышпаевтың еңбегінен шынайы тарихымыз жайында мол мағлұмат алады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.