«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢАЙТҚЫШ – МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

Жамбыл ауданының Баян ауылындағы “Ақ Жер – 2010” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ғылыми-өндірістік алаңында “Танап күні” семинары өтті. Оған өңір диқандарымен қатар еліміздің Қостанай және Ақмола облыстарының агроқұрылым өкілдері қатысты.

Елімізде өсірілетін алуан түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол, тұрақты әрі сапалы өнім алуда басқа да агротехникалық шаралармен қатар, тыңайтуды дұрыс ұйымдастырудың маңызы зор. Тыңайтқыштарды дұрыс пайдаланғанда ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімі артады, өнім сапасы жақсарады. Ауыл шаруашылығы тәжірибесінде егінді химияландыру оны жедел дамытудың куатты факторы екенін дәлелдеді. Мысалы, азотты тыңайтқыш астық дәніндегі ақуыз мөлшерін арттырса, фосфорлы тыңайтқыш зығыр талшығының сапасын жақсартып, күнбағыс тұқымындағы май мөлшерін көбейтеді.

Ресейлік “Аvgust” компаниясының филиалы болып табылатын “Август-Қазақстан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған жиынға қатысушылар заманауи техниканы қолданудың артықшылықтары, өсімдіктерді зиянкестер мен арамшөптерден қорғаудың тиімді тәсілдері және таза өнім, бітік егін алу жолдары туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Аталмыш компания нарықта ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғайтын заманауи өнімдерімен белгілі. Елімізге 12 жыл бұрын келген “Август-Қазақстан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алқаптарды заманауи агротехнологиялық тәсілдермен өңдеп, жақсы нәтижеге қол жеткізуде.

Жиын барысында диқандар “Ақ Жер – 2010” ЖШС-нің алқаптарын аралап, “Аvgust” компаниясының өнімдерін тамашалады. Әуелі диқандар серіктестіктің №1 егістік учаскесінде болды. Мамыр айының басында мұндағы 169 гектар жерге “Bourgault” тұқымсепкішінің көмегімен жаздық рапстың “Сальса” деп аталатын гибридтік тұқымы себілген. Жайқалған алқапты көрген диқандар дұрыс таңдалған тыңайтқыш егін шығымын арттыра түсетініне көз жеткізді.

– Күзгі орақ науқанында сапалы өнім алу үшін минералды тыңайтқыштарды қолдануға зор көңіл бөлеміз. Олар алқапты зиянкестер мен арамшөптен қорғайды. Мәселен, өткен жылы гектар берекелігі 24 центнерден айналды, – деді “Аvgust” компаниясының Қостанай облысы бойынша менеджер-технологы Сергей Князев.

Ал компанияның Көкшетау қаласы бойынша өкілі Жұмағат Игібаевтың айтуынша, мамырда жергілікті алқапқа элиталық сұрыпты “Северный” зығыры себілген. Атап айтқанда, бір гектар жерге 62 килограмм тұқым сіңірілген. Сөйтіп, диқандар көктемгі егіс жұмыстары аяқталған соң бірден компаниядан сатып алынған гербицидтермен майлы дақылды қорғауға кіріскен.

Бұдан кейін агроқұрылымдардың өкілдері бидай және күнбағыс алқабына ат басын тіреді. Серіктестіктің менеджер-технологы Николай Парунов атап өткендей, биыл 890 гектар жерге күнбағыс егілген. Мұнда да минералды тыңайтқыштар қолданылған. Айтқандай-ақ, күнбағыс бітік шыққан. Сондай-ақ, мұнда 90 гектар жерге “Омская 36” сұрыпты бидай себіліпті. Семинар барысында компанияның өңіріміздегі өкілі Виктор Гребенюк жүгері дақылын өсіруге қызығушылық танытқан диқандарға мол өнім алудың қыр-сырын егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұған қоса, ғылыми-өндірістік алаңға тәжірибе ретінде себілген жүгеріні көрсетті.

Жиында сөз алған “Август” компаниясының бөлім басшысы Айдар Галяутдинов, “Ақ Жер – 2010” ЖШС-нің директоры Александр Хитров, “Бургуат” фирмасының өкілі Валерий Черкасов, Қазақстан бойынша “Ростсельмаш” компаниясы директорының орынбасары Азамат Ахметов және тағы басқалар алқап басында өткен шараның пайдасы көп екенін алға тартты.

Семинар соңында диқандар назарына жергілікті серіктестіктің соңғы үлгідегі заманауи техникалары ұсынылды. Сондай-ақ, жиналғандарға “Аvgust“ компаниясының ресми серіктестері – “Baydala”, “AMAZONE”, “Turkuaz Machinery”, “БДТАГРО” сауда үйі”, “Ростсельмаш”, “Мұнай Трейд Сервис Норд” ЖШС-лері өз өнімдерін көрсетті.

Игілік РАХМЕТОВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp