“Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана”, – деген болатын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында. “Ұлттық музыкасы жоғалған халық халық болудан қалады” деген пікірге сүйенсек, талай ғасыр рухани құндылығын музыкалық өнеріне арқау еткен халқымыздың өмірінде айшықты орын алатын халық аспаптары екені даусыз. Ұлттық өнерімізді, ата-бабаларымыздан мұра болып жеткен киелі домбыраның құлағында ойнап, жетіген, сырнай, қобыз сияқты аспаптарды дәріптеп жүрген өнер ұжымы – “Әлқисса” фольклорлық ансамблі жуырда 10 жылдық мерейтойына орай жұртшылықтың назарына шығармашылық кешін ұсынды. Ансамбль жетекшісі Руслан Асылханмен кездесіп, ұжымның он жылда атқарған жұмысы мен алдағы жоспарлары төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.
– Руслан Ерболатұлы, ең алдымен, тыңдармандарға осы күнге дейін талай асулардан асып, биік белестерді бағындырып үлгерген ансамбльдің құрылу тарихы туралы айтып берсеңіз.
– Ансамбльдің алғашқы жетекшісі – Сайран Сәбитов. Облыстық филармонияның директоры Ботагөз Ақмағанбетова екеуі ақылдасып, ұлттық аспаптарда ойнайтын ансамбль құру туралы шешім қабылдаған болатын. Осылайша, талантты жастар баға жетпес байлығымыз – ұлттық ән-күйлеріміз бен жырларымызды халық аспаптарының сүйемелдеуімен орындай бастады. Алғашқыда ансамбльдің құрамында 12 өнерпаз болды. Репертуарды шетелдік және өзіміздің фольклорлық шығармалар құрады. Сайран Сәбитов ұжымға бес жылға жуық уақыт жетекшілік етіп, өнерлі жастарға бағыт-бағдар, ақыл-кеңесін бере отырып, ансамбльдің жұмысын жандандыра білді. Олардың бірқатары бүгінде арман қуып, бұдан да биік белестерді бағындыру үшін басқа өңірлерге аттанса, Данияр Құстанов, Ринат Балғабаев, Саян Дүйсенов сияқты бірқатар өнерпаз құрылған кезден бастап бүгінге дейін ансамбльмен бірге. Өнер ұжымы алғаш бақ сынаған дода – 2011 жылы Алматы қаласында өткен “Ғасырлар сазы” атты республикалық фестиваль болды.
– Қасиетті өнерді өміріңіздің өзегіне айналдырған күйшілердің бірісіз. Өнер ұжымымен жолыңызды қашан тоғыстырдыңыз?
– Мен Шал ақын ауданының тумасымын. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ата-анамның жұмысына байланысты Жезқазған өңіріне көшіп кетуге тура келді. Жезқазған музыкалық колледжінде қазақтың киелі домбырасын меңгердім. Анам ән айтқандықтан болар, бала күннен киелі домбыраға қызығатын едім. Кейін білімімді Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде жалғастырдым. Оқи жүріп, Астана қаласы мемлекеттік филармониясы қазақ халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсеттім. Оны тамамдағаннан кейін өзім туып-өскен өңірге қайтып оралып, облыстық филармонияға жұмысқа орналастым. Бес жылдан бері ансамбльге жетекшілік етіп келемін.
– Ансамбль құрамында қанша адам бар? Оқырмандарымызға олардың қызметтері, жеткен жетістіктері жайлы айта отырсаңыз.
– Бүгінде ансамбльге 15 өнерпаз мүше. Соның ішінде жасы қырыққа жақындаған тәжірибелі азаматтармен қатар, өнер жолына жаңа қадам басып жатқан жас өрендер де бар. Оларды ансамбль қатарына қабылдап, білмегенін үйретуді әрқашан парызымыз санаймыз.
Қобызда – Айғаным Махамбетова мен Салтанат Иманбай, қылқобызда – Жәмила Мұстафина, ал сазсырнай мен нарқобызда Айдос Ақылбеков сияқты өнерпаздар ойнайды. Заңғар Мүбәраков пен Данияр Құстанов ұрмалы аспаптарда өнер көрсетсе, Татьяна Букирова мен Юлия Полякова есімді қыздар – шертер мен сырнайдың, Мақсат Қонақбаев, Самал Асылбаева, Саян Дүйсеновтар қазақтың киелі домбырасының құлағында ойнайды. Бас домбырашы Ринат Балғабаев пен ансамбльдің солисі Ғалымжан Нұрпейісовтің де өнерін көпшілік танып үлгерді. Көп ішекті шертпелі аспап – жетігенді меңгерген Алтынжан Таупықованы ерекше атап өткім келеді. Өйткені, біздің облыста бұл аспапты үйрететін оқу орны жоқ болғандықтан, оны меңгерген адамдар некен-саяқ. Алтынжан өнер колледжінде қобыз аспабында ойнауды меңгеріп жүр. Осыған қарамастан, біздің айтуымызбен және өз бетінше жетігенді де үйрене бастады. Бір жылдағы нәтижесі жаман емес. Жақында өңірімізге Көкшетаудан жетігенді үйрету үшін келген маман Алтынжанның арнайы білім алып жүрген жетігеншілерден артық болмаса, кем ойнамайтынын айтқан болатын. Бұл да біз үшін үлкен жетістік.
– Республикалық, халықаралық байқауларда өнер көрсетіп, лауреат атанып жүрсіздер. Бірнеше рет гастрольдік сапармен шетелдерге де бардыңыздар. Ұлттық аспаптарымызды шетелдіктер қалай қабылдайды?
– Осыдан үш жыл бұрын “Ғасырлар сазы” халықаралық байқауында лауреат атандық. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Түркия, Қырғызстан сияқты бірнеше елден келген 46 ансамбль қатысты. Онда Тоғжан Жахиннің “Бабалар мекені – Алтай” және Ақан серінің “Ләйлім шырақ”, тағы басқа шығармаларын орындадық. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Ермұрат Үсенов бастаған еліміздегі өнердің, мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтармен қатар шетелдік өнерпаздар да болды. Біз өнер көрсеткеннен кейін Башқұртстан Республикасынан келген қазылар алқасының мүшесі өнерімізді жоғары бағалады. Бұл да біз үшін бір мақтаныш.
Он жыл ішінде ансамбліміз Словения, Хорватия, Түркия, Ресей, Қытай, Франция секілді алыс-жақын шетелдерде өнер көрсетті. Соның ішінде жылдың басында гастрольдік сапармен Қытайға барғанымызды ерекше атап өтсем деймін. Ондағы қазақ диаспорасы бізге керемет қолдау білдірді. Ал тыңдармандар дәстүрлі әндерімізден, күмбірлеген күйімізден әсер алды. Өнеріміз жоғары бағаланғанына риза болдық.
– “Әлқисса” ансамблінің алғашқы он жылын қорытындылайтын болсақ, қандай басты жетістіктерін атап өтер едіңіз?
– Ең алдымен, өңір жұртшылығы ғана емес, ел көлемінде де танылып үлгергенімізді үлкен мақтанышпен айта аламын. Қазақ халқының рухани жәдігерлерінің ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі дәстүрлі ән мен күй емес пе?! Филармонияға алғаш келгенде, алдыма ұлттық ән-күйлерімізді көбірек орындасақ деген мақсат қойдым. Ол кезде ұжым репертуары, негізінен, шетелдік туындылардан құралған болатын. Ұлттық ән-күйлеріміз бірен-саран ғана. Бүгін қарап отырсам, сол арман-мақсатымның орындалғанына көзім жетіп отыр. Өйткені, репертуарымыз бүгінге дейін ата-бабаларымыздан сақталып қалған тамаша туындылармен толықты. Алдағы уақытта бұл бағытта атқаратын жоспарларымыз аз емес. Бір қуанарлығы – тыңдарман да бұл ойымызды жылы қабылдады. Кей концерттерде залда отырған балалар, үлкендер өзара әңгімелесіп, шулап отыратыны жасырын емес. Ал қазақтың күмбірлеген күйлері мен әуелеген әндерін орындағанда, бірден сап тыйылып, ден қойып тыңдайды.
– Жуырда өткен шығармашылық кештеріңізді тамашалаған өнерсүйер қауым ұжымның өнері, ұйымдастырылу форматы жайлы жылы лебіздер айтып жүр.
– Осыған дейін 2013 және 2016 жылдары “Азия саунд” вокалды-аспаптық және “Әдемі-ау” қазақ би ансамбльдерімен бірлесіп, кештер өткізген болатынбыз. Алайда, осы жолғы концерттің біз үшін орны ерекше. Онда өнер көрсеткен Мәдениет қайраткері Дәмеш Құрманкинаны, “Туған жер” би ансамблін, Асхат және Динара Тауышевтарды, тағы басқа өнерпаздарды дүйім жұрт ден қойып тыңдады. Алғаш рет тыңдарман назарына халық әні “Ақбаянды”, “Орақ батыр” мен “Ойладым, ана”, “Заман-ай” шығармаларын ұсындық. Қорқыттың, Құрманғазының күмбірлеген күйлері арқылы сол заманның қиыншылығы мен ата-бабаларымыздың ерлігін жеткізуді мақсат еттік. Кешімізді Нұрғиса Тілендиевтің “Әлқисса” күйімен аяқтауды жөн көрдік. Алдағы уақытта концерттік бағдарламамен Қазақстанның басқа қалаларына да барсақ деген ойымыз бар. Жоспарымыз жүзеге асып жатса, ансамбльдің танылуына үлкен септігін тигізер еді. Өнерімізді әрі қарай шыңдап, ұлттық аспаптарымызды насихаттауға дайынбыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,
“Soltústіk Qazaqstan”.