«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛ – БІРЛІКТІҢ КЕПІЛІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауын халық зор үмітпен қабылдады. Маңызды құжатта тәуелсіз республикамыздың бүгіні мен ертеңіне бағыт берген “Қазақстан – 2050” Стратегиясынан туындайтын міндеттер мен мақсаттарды белгілеумен қатар, 2015 жыл ұлттық тарихымыз ұлықталатын жыл екенін еске салды.

Биыл Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толғалы отыр. Ұлтымыздың ұлылығы мен халқымыздың елдігінің бірден-бір белгісі – біздің ана тіліміз. Сан ғасырлар бойы бар бояуы, сырлы сазымен қанға сіңіп, бірге жасап келеді. Оның құдіреттілігін сақтап, елдіктің туы ету – ұрпақ алдындағы басты борыш.

“Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?” – деп ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов өз заманында туған тілін қызғыштай қорғап, қаны қазақ жандарға ой салды.

Содан бері қаншама уақыт өтсе де, бұл сөз күні бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Елімізде бүгінгі таңда жүргізіліп отырған тіл саясаты мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыруға бағытталған.

Өңірде 2011-2020 жылдары тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға арналған іс-шаралар жоспары сәтті жүзеге асырылуда. Бүгінде мемлекеттік органдарда іс жүргізудің 97 пайызы мемлекеттік тілде.

Мемлекеттік тілді оқыту орталығы арқылы 124 топта 2624 мемлекеттік қызметші және облыс тұрғындары мемлекеттік тілді оқыды. Осы жылы қазақ тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесін 45,5 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Жыл сайын “Тіл мерейі”, Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің, “Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары” және тағы басқа байқаулар өткізу дәстүрге айналған. Республикалық кезеңде Айым Қамырова І орынды иеленді.

“Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде” республикалық жоба аясындағы іс-шараларға өзге ұлт өкілдерінің жастары белсене қатысады. Бұл өз кезегінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге оң ықпал етуде.

Бүгінгі таңда ана тілімізді сақтап, сол арқылы елдігімізді нығайту мәселесі басты мақсат ретінде қойылып отыр. “Дегдар” қоғамдық келісімді қолдау қорымен бірлесе ҮЕҰ, БАҚ өкілдері және студенттер арасында “Мемлекеттiк тiлдiң өзектi мәселелерi” атты қоғамдық тыңдау өткiзілдi.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде елдің ынтымақ-бірлігінің түп-тамырына айналдыру мақсатында биыл Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы – республикалық ХVІІ тіл фестивалі аясында ауқымды іс-шаралар жоспарланды. Бір шаңырақ астындағы ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін күш мемлекеттік тіл екенін тағы бір дәлелдемекпіз.

Биылғы жылғы басты жаңалықтардың бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған “Мағжан көктемі” ІІІ республикалық фестивалін өткізу жоспарланды. Өнерсүйер қауым үшін бұл бір үлкен қуаныш болмақ.

Ел тәуелсіздігінің негізгі тірегінің бірі – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде толыққанды қолданысқа енгізу жүйелі жұмысты талап етеді. Осы мақсаттағы атқарылып жатқан игі істер оң нәтижелі болады деген үміттеміз.

Кемел ОСПАНОВ,

облыстық тілдерді дамыту жөніндегі

басқарманың басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp