«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛЕГІМІЗ БІР

Болашағын қазақ тілімен байланыстырып, кемел келешекке қарымды қадаммен аяқ басқан ұл-қыздарымыздың саны күн санап артып келеді. Бізді қуантатыны да осы. Жігерлі жастардың алға қойған мақсаты бір. Ол – мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ел болашағы үшін адал қызмет ету. Болашағын қазақ тілінсіз көз алдына елестете алмайтын нәзік жандардың бірі – Екатерина Жукова.

Ол Петропавл қаласында тұрады. Қызының болашағын ойлаған анасы Катяны үйінің қасындағы “Салтанат” балабақшасына береді. Сүп-сүйкімді орыс қызы осылайша өзі үшін жаңа бір әлемнің есігін ашқандай болады. Қасындағы балаларға қарағанда зеректігімен, алғырлығымен көзге түскен Катя көп ұзамай қазақ тілінде сөйлеп, тіпті, төрт шумақ өлеңдерді де жатқа айтып, тәрбиешілері мен анасын қуанышқа бөлейді. Көзінің ағы мен қарасындай көріп отырған жалғыз қызының тілге деген құлшынысын байқаған анасы әу баста оны орыс мектебіне оқуға берсе де, екі жылдан кейін қазақша оқытуға ұйғарады. Сөйтіп, үшінші сыныптан бастап Катя қалалық классикалық гимназияда білім алады. Өз қатарластарымен қатар қазақ және ағылшын тілдерін меңгерген Катяның қол жеткізген жетістіктері аз емес. Бүгінгі таңда ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Тіл және әдебиет институтында шет тілі мамандығы бойынша білім алуда. Мақсаты – болашақта білікті ұстаз болып, жас буынды білім нәрімен сусындату.  

Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы болып өтті. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті” тақырыбына арналған аталмыш сессияның жұмысына біздің өңірден барған делегаттар арасында Катя да болды. Өз қатарластарының арасынан топ жарып, осындай айтулы оқиғаға қатысқан бойжеткен сол сәттерді қуанышпен еске алып:  

– Бұл – Елбасын алғаш рет көрген сәтім. Сессия күндерін мен үлкен толғаныспен күттім. Өйткені, осындай үлкен іс-шаралар әрқашанда рух, күш-жігер береді. Еліміздің еңсесі биік деп армандайтын бүгінгі Қазақстан жастары – ертеңгі бейбіт өмірдің кепілі екендігін Астана қаласында анық көрдім. Сессияда Елбасының сөйлеген сөздерін тыңдап, Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз екеніне тағы бір рет көзім жетті, – деді ерекше мақтанышпен. Өзін қазақтың орыс қызымын деп санайтын Катя аталмыш оқу орнының үшінші курсында оқиды.

Өнер мен білімнің тізгінін қатар ұстаған ол қолы бос уақытында кітапханаға барып, білімін шыңдайды. Сонымен қатар, саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен де айналысады. Ал би әлеміне аяқ басқанына он жыл болған. Бұл саланы да бір адамдай меңгеріп алған.

Ұлты орыс болса да, жұдырықтай ғана жүрегі “қазағым” деп соғып тұрған бойжеткеннің тұла бойынан қазақ қызына тән сабырлылық, байсалдылық байқалады. Оның: “Мен қазақ тілінде еркін сөйлеймін деп мақтанбаймын, себебі, мемлекеттік тілді білу, оны құрметтеу – әрбір азаматтың міндеті және борышы”, – деген сөздерінің өзінен-ақ Катяның қарапайымдылығын көруге болады.

Ал тізесінен төмен қарай төгілтіп, өріп алған бұрымына қарасаң, шыны керек, таңғаласың, таңданасың. Себебі, қазір орыс қыздары түгілі өзіміздің қаракөздеріміздің арасында мұндай бұрымды бойжеткенді күнде көре бермейсің, ол да шындық. Катя ұлттық салт-дәстүрді де жақсы біледі. Қою шай құюдан бастап, қонақ күтуге дейін үйреніп алған. Міне, қарасаң көзің тоятын бұрымды бойжеткеннің осындай аяқ алысына қалай ғана сүйсінбеске?!

Өзінің көркімен, ақылымен, ең бастысы, қазақ тілінде еркін сөйлеу мәнерімен көптің көңілінен орын алған орыс қызына: “ Мерейің өссін!” – дей отыра, мемлекеттік тілді құрметтеген осындай қарлығаштардың қатары болашақта арта түссе екен дегің келеді.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp