«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІРШІЛІК НӘРІ

Облыстың ауылдық елді мекендерін сумен жабдықтау жұмысы он жылдан астам әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып келеді. Осы жылдар ішінде елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етудің неғұрлым өткір проблемаларын шешуге қол жетті, сумен жабдықтаудың ең апатты нысандарына қайта жаңарту, сол сияқты, жаңа нысандар құрылысын салу жұмыстары жүргізілді. Біздің өңірімізде 2011 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Онда облыс тұрғындарын таза ауызсумен жабдықтаудың бірнеше бағыттары жоспарланған.

Топтық су құбырларын қайта жаңарту бағытындағы жұмыс “Есіл су” РМК арқылы атқарылатын болса, кусталық және жергілікті ұңғыма су құбырлары құрылысын негізінен жергілікті атқарушы органдар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің өздері атқарады. Ал тарату желілері құрылысы мен оларды қайта жаңарту бағытындағы жұмыстарға облыстық құрылыс басқармасы жетекшілік етіп келді. Басшылық органдарының қайта құрылымдалуына байланысты алдағы жаңа жылдан бастап бұл міндет облыстың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жүктелетін болды.

2011-2012 жылдары “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірде 298 шақырым су құбырлары құрылысы салынуда, оның 111,9 шақырымы – топтық су құбырларының 13 елді мекенге бұрма құбыр желілері, 144,7 шақырымы 22 елді мекендегі ішкі тарату желілері болып табылады. Сондай-ақ, үш кусталық ұңғымалы су құбырларынан 31,5 шақырым және алты жергілікті ұңғымалы су құбырларынан 9,8 шақырым тарату желілері жүргізілді. Осы мақсаттарға барлығы 4,4 миллиард теңге қаржы жұмсалды, оның 3,9 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферт болса, 542 миллион теңге жергілікті бюджеттен қаржыландырылды. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде 21,6 мың адам тұратын 20 елді мекенге таза ауызсу берілді және 50,8 мың тұрғыны бар облыстың 11 ауылында сумен жабдықтау жақсарды. Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы екі жылында облыс аумағында барлығы 30 ауызсумен жабдықтау нысаны салынды және қайта жаңартылды.

Өткен жылы облыстың 8 ауданындағы 16 сумен жабдықтау нысанындағы құрылыс және қайта жабдықтау жұмыстарында 2,7 миллиард теңге игерілді. 2013 жылдың қорытындысы бойынша 162 шақырым су құбырлары құрылысы мен қайта жаңарту жұмыстары атқарылды. Соның ішінде ұзындығы 21,4 шақырым топтық су құбырларының бұрма желілері тартылып, Тимирязев ауданының Хмельницкое, М.Жұмабаев ауданының Ноғайбай, Лебяжье және Құралай ауылдарына таза ауызсу жеткізілді. Тағы 6 ауылда жалпы ұзындығы 66,4 шақырым ішкі тарату желілері жүргізілді, олар: Мамлют ауданындағы Меңкесер, Ғ.Мүсірепов ауданындағы Чистополье, Айыртау ауданындағы Саумалкөл және Имантау, Есіл ауданының Корнеевка, Қызылжар ауданының Асаново ауылдары.

Уәлиханов ауданының 14 ауылына жерасты су көздерінен кусталық су құбыры желілері тартылып, таза ауызсуын ішіп отыр. Сондай-ақ, жергілікті ұңғымалы су құбырларынан 4 ауылға су жеткізілді, олар: Уәлиханов ауданындағы Қайрат, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Шөптікөл, Андреевка және Привольное ауылдары. Жыл ішінде барлығы 8 сумен жабдықтау нысаны іске қосылды, 3,2 мың тұрғыны бар бес ауылға су берілді және 18,6 мың адам тұратын облыстың алты ауылында сумен жабдықтау жақсарды.

Өңірдің елді мекендерінде су құбырларын тарату желілерінің құрылысын және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізген кезде су құбырын үйлердің жер телімдері шекарасына дейін жеткізу қарастырылғанын айта кеткен жөн. Өткен жылы бұл жұмыс Айыртау ауданындағы Саумалкөл және Имантау, Мамлют ауданындағы Меңкесер, Есіл ауданындағы Корнеевка ауылдарында жүргізілді. Жерасты су көздеріне жалғанған сумен жабдықтау нысандарының құрылысы бекітілген жерасты су қорларының негізінде жүзеге асырылады. Қажет болса оны ауызсу сапасына дейін жеткізу үшін тазарту жүйесі пайдаланылады.

2014 жылы 34 сумен жабдықтау нысанында құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге 2,93 миллиард теңге қарастырылған, оның 2,6 миллиард теңгесі республикалық бюджеттің мақсатты трансферттерінен де, 306,3 миллион теңге облыстық бюджеттен жұмсалады. Барлығы 168,25 шақырым су құбырларының құрылыстары мен қайта жаңарту жұмыстары атқарылады деп жоспарланған. Соның ішінде негізгі 160,14 шақырымы 31 ауылда жүргізілетін ішкі су тарату желілері болып табылады. Сонымен бірге, Уәлиханов ауданында 8,11 шақырым кусталық су жеткізгіш құбырлары 13 ауылды жерасты суларымен қамтамасыз етеді. Ал жалпы жыл қорытындысы бойынша 1660 адам тұратын, бұрын су құбыры болмаған 4 ауылға таза ауызсу беріліп, 1650 тұрғыны бар 3 ауылды сумен жабдықтау жақсарады.

Облыстық құрылыс басқармасының бас маманы Владислав Лукиннің айтуынша, сумен жабдықтау және ауылдық елді мекендерге су жеткізу жүйесін дамыту бюджеттік бағдарламасы аясында биыл қыруар жұмыс атқарылған. 2014 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 81,13 шақырым су құбырлары желілері салынған және қайта жаңартылған, соның ішінде 75,63 шақырымы – ауылішілік тарату желілері, 5,5 шақырымы – жерасты суларының кусталық құбырлары.

Қазіргі уақытта 19 нысан бойынша конкурстық іс-шаралар аяқталды, мердігерлік ұйымдармен шарт жасау және құрылыс-монтаж жұмыстарына талон алу жөніндегі жұмыс жүргізілді. Яғни, Қызылжар ауданында – 8, Аққайыңда – 8, Ақжар – 3 және Тимирязев ауданына 1 нысан бойынша ауылдарда су тарату желілерін жүргізу жұмыстары қолға алынды. Сол сияқты, тағы 10 нысан бойынша конкурс қорытындылары шығарылуда, соларға сәйкес М. Жұмабаев ауданында – 6, Ақжарда – 2, Тайынша мен Уәлиханов аудандарында бір-бір нысанда сумен жабдықтау жұмыстары басталады. Сондай-ақ, шешімі табылмай отырған жайттар да жоқ емес. Айталық, Су ресурстары комитетіне бірнеше рет өтініш жасалғанына қарамастан, бас жобалаушылар Ақжар ауданындағы Байтұс және Тайынша ауданындағы Тихоокеанское ауылдарының су тарату желілеріне конкурстық хабарландыру беру үшін сметалық құжаттамаларын толық жасап бере алмай отыр.

Ал нысан бойынша сумен жабдықтау жұмысы өткен жылдан ауысқан. Оның бірі – Булаев топтық су құбырына қосылған Асаново ауылының су жеткізу және тарату желісі. Екіншісі – Уәлиханов және Ақжар аудандарындағы Молодая гвардия және Мортық ауылдары арасындағы сумен жабдықтау желісінің үшінші кезеңі. Келесі нысан тағы да осы екі ауданның Ақтүйесай – Өндіріс – Жұмысшы ауылдарының арасындағы су жеткізу құбырларының 3-ші кезеңі болып табылады. Бұлардың бәрі биыл пайдалануға берілуі тиіс. Ал 2013 жылы уақытында пайдалануға берілмеген М.Жұмабаев ауданындағы Қарақоға – Құралай – Лебяжье су жеткізу құбыры құрылысы бойынша мемлекеттік қабылдау комиссиясы актісіне қол қоюдың шарасы қарастырылуда.

Тұрғындар саны 575,7 мың адамды құрайтын облыс аумағында 694 елді мекен бар, соның ішінде 5 қаланың тұрғындары (241 мың адам) 100 пайыз орталықтандырылған сумен жабдықтауды пайдаланады. Бүгінде орталықтандырылған сумен жабдықтауға барлығы 253,9 мың тұрғыны бар 361 елді мекеннің қолы жетіп отыр, ол 76 пайызды құрайды. Орталықтандырылмаған сумен жабдықтауды 79,4 мың адам тұратын 300 елді мекен пайдаланады. Ал тасымал суына қарап отырған 1200 адам тұратын 19 ауыл бар.

Жүзеге асырылып жатқан “Ақ бұлақ” бағдарламасының нәтижесінде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолдары жетпей отырған ауылдардың саны жыл сайын азая түсері сөзсіз. Мысалы, алдағы жылы Уәлиханов ауданындағы Мортық, Жұмысшы, Өндіріс, Жамбыл ауылдарына және Петропавл қаласындағы Куйбышев орман шаруашылығына орталықтандырылған таза ауызсуын жеткізу жоспарлануда.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp