«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮРЛІ АСПАПТЫҢ ТІЛІН МЕҢГЕРГЕН

Кабинетте отырған журналистердің сезім пернесін дөп басқан сыбызғы үніне мен де еріксіз еліттім. Шіркін, қурайдан жасалған аспаптың нәзік үні өне бойымызды баурап алып, тіпті, тағы бір мәрте тартып беруін өтіндік.

Сыбызғымен қатар, қазақтың өзге де ұлттық аспаптарын меңгеруге мектеп жасынан бастап ерекше ықылас танытып келе жатқан жанның бірі – қызылжарлық Марат Шахмұратов. Ол 11 жасында домбыра үйірмесіне қатысып, қазақтың дәстүрлі әндерін орындауға құмарта бастайды. Мектеп және ауыл сахнасында өнер көрсетіп, түрлі ән байқауларына қатысады. Ұстаздарының үмітін ақтап жүрген өнерлі өрен алдына әнші болу мақсатын қойып, мектеп бітірісімен Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі.

– Алматыға барып, аталмыш оқу ордасында оқимын деген ой алыстан бұлдыраған сағымдай өзіне шақыратын. Менің ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен ән айту қабілетім үлкен атам Балсейіт Күсемісұлынан дарыған. Әкемнің айтуынша, ол кісінің әнін тыңдаған адам шабыттанбай, орнында бейжай отыра алмайды екен. Үлкен атам қурайдан және ағашты жону арқылы қолдан түрлі аспаптарды да жасаған көрінеді, – дейді ата ізін жалғастырушы.  

Талабының шыңдалып, дарынының қарыштап дамуына себепкер болған консерваторияны тамамдаған жас музыкант Алматыдағы “Қазақконцерт” өнер бірлестігінің жанынан құрылған “Самал” оркестрінде сыбызғымен сүйемелдеуші болып жұмысқа орналасады.

– Ол кезде оркестрдің жетекшісі Роза Бағланова болатын. Роза апайымыз үнемі өнер – адамның сыртына салынған өрнек екендігін айтып отыратын. Роза Бағланова – менің өнердегі ұстазым, – дейді Марат аға.

“Самал” оркестрінде төрт жыл тәжірибе жинап, кейін Қызылорда қаласындағы “Айгүл” ансамблінде 10 жылдай қызмет істеген музыкант Сыр еліндегі музыкалық колледжде сыбызғы пәнінен сабақ беріп, студенттерді өнер нәрімен сусындатады. Облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ең алғаш құрылған жылдары ансамбль жетекшісі болған.

– Мен өнерді атақ алып, мансап жинап, дүниеауи дәрежеге көтерілу үшін сүймеймін. Ән айту, аспапта ой-нау – жабыққанда жанымның қолдаушысы, жылағанда жанарымды сүртіп, көңілімді серпілтетін рахатым, – дейді өнерді жұтамас байлыққа балаған Марат Шахмұратов.

Марат Нариманұлы қазақтың ұлттық аспаптарында ойнауды үйретумен қатар, оларды жинаумен де айналысады. Бүгінде оның жеке қорында сыбызғы, сазсырнай, үскірік, қобыз, домбыра сынды аспаптардың бірнеше түрлері, сонымен қатар күбі, астау сынды ұлттық ыдыстардың түр-түрі кездеседі. Соның бірі – ағаш қобыз. Ол – сирек кездесетін аспаптардың бірі. Ағаш қобызға байланған ұзын жіпті бармаққа іліп, бірде еркіне жіберіп, бірде кейін тарту арқылы әдемі үн шығаруға болады. Дауысы самал желдей жұмсақ әрі майда.

Алпысты алқымдап, оның 40 жылын ұстаздық қызметке арнаған Марат Шахмұратов бүгінде қаламыздағы Ұлттық ұланның оркестрінде аға нұсқаушы болып жұмыс істейді. Аман-есен зейнетке шыққан соң өнерге, ән айтып, аспапта ойнауға қызығушылығы бар бүлдіршіндерге, оқушылар мен жастарға арнап мектеп ашу жоспарының бар екенін де жасырмады.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp