Желкілдеген жас құрақтай жеті жасында – 1941 жылы тағдырдың тәлкегіне душар болған неміс отбасымен бірге өңірімізге жер ауып келіп, дарқан, жатқа да дәмін ұсынатын қазақ қауымынан пана тапқан көрнекті қаламгер, неміс, қазақ, орыс тілдерінде шұрайлы шығармалар жазған Герольд Бельгер әмсе қазақ әдебиетінің досы еді.
Ол өзінің айтып тауысқысыз шығармаларының көбіне қазақ өмірін арқау етті. Гете мен Абайды толғады, зерделеп, зерттеді. Өзіне ыстық құшағын жайған Солтүстік Қазақстан облысы Ысқақ Ыбыраев ауылының асыл азаматтарын ардақтап, шығамалар жазды.
Топырақ қазақ жерінен бұйырып, биылғы жылдың жетінші ақпанында, 81 жасқа қараған шағында өмірден озған Герольд Карловичтің тәні Алматыдағы “Кеңсай” қорымынан мәңгілік мекен тапты.
НАҒЫЗ ЕРАҒА
ЕДІ-АУ
Адам – пенде, мәңгі өзі сүре ме ей,
Ұясына қоймас перзент түнемей.
Герағалар мың қазаққа татитын
Біреу емес, мұзды жарған бірегей.
Өмір кешті алағай да бұлағай,
Ойлары еді мөлдір бұлақ тұмадай.
Герағаңның көк туындай, гербіндей
Ұстазы еді Гёте менен ұлы Абай.
Ғашық та еді-ау қазақтың тілі, сазына,
Тұла бойы тұнып та тұрған қазына.
Таңырқап мүлде қалармыз
Кісінің мұндай азына.
Герағам менің,
Ерағам еді сүйріктей,
Жүйткіген жонда Құлагер сынды жүйріктей.
Заманның мына жайына болды бейапар,
Ағытар еді сөздерін теңдей, түйдектей.
Қаусырушы еді құшағы осы әлемді,
Қотарған еді Ғабең сөзін, қос Әбеңді.
Әділетсіздікке қарсы әманда өзі атой сап,
Түсінбей кетті нарық пен зарық пәлеңді.
Айтпаса шындық бомбадай іште жарылар,
Генийдің сөзін сағынар әрі зарығар.
Герағаңның қанатты болған уәжі:
“Қазақта намыстан басқа анық бәрі бар”.
Намысты осылай қайрағаны үшін,
Беліне батыл байлағаны үшін,
Ұлтымыздың ар-ұжданы,
Темірдің шоқтай қызғаны,
Серттен таймағаны үшін
Ұрпақтар оған әлі де мың сәт табынар.
… Ашылды саған дүниенің небір кендері,
Ортақ қой саған үш ұлттың үлкен елдері.
Үш тілде жазып, үш тарапты иелеп,
Адамзаттың атандың сен Бельгері.
Өңірін сүйген,
Өмірін түйген өр адам,
Адамға асық,
Алашқа ғашық Герағаң.
Бауырына қысып өзіңдей асыл ұлдарын
Тербетер мәңгі бесігінде Жер-Анаң!
Бақытжан ТОБАЯҚ,
ақын.
АСТАНА.
БІЗДІҢ ГЕРА
(Герольд Бельгерге)
Бір әдемі ғадетің бала кезден,
Отырушы ең үнемі кітап оқып.
Қазақтарға қарадың адал көзбен,
Қазақ сөзін жадыңа бірден тоқып.
Жас күніңнен өзіңе ұнап қалған,
Кітап – сенің алғашқы махаббатың.
Мол сусындап көк қайнар, бұлақтардан,
Аса білгір атанып, шықты даңқың.
Жанға демеу, жабығып жүрген тұста,
Кітап, кітап – кәсібің, хоббиың да.
Ой тербеуге – үш тілде бірдей ұста,
Не керектің бәрі бар қобдиыңда.
Өткір пікір сөздерің, күшті қисын,
Сен қазақша сөйлейсің еркін жатық.
Кешкісін де кітапты көп оқисың,
Жеңгемізге сыртыңды беріп жатып.
Қашан, қайда жүрсең де, серігің – ой,
Үлкен ойлар желісі үзілмеді.
Небір ғажап кітаптың әсері ғой,
Ақыл-сана нышаны жүзіндегі.
Сенің үнің естіліп елге тегіс,
Ізгі сәулең тарайды жан-жағыңа.
Көп қазақтың ішінде жалғыз неміс,
Барша жұрттың айналдың ардағына.
Өмір жолың – тас өткел, өр, жазық бел,
Жетпіс жасың – бірталай биік жер, ә?!
Әкеңіздей көп жасап, көп жаза бер,
Біздің жігіт, біздің шал, біздің Гера!!!
Жарасбай НҰРҚАН.
28 қазан, 2004 жыл.