«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПЕН КЕЛІСІМ – өсіп-өркендеу кепілі

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Табиғат-Ана да ерекше мейірленіп, шуағын төгіп тұрды. Мерекелік шара облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында өңірімізді мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің және жастардың шеруімен ашылды.

Облыс әкімі Самат Ескендіров мерекеге жиналған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы этно-мәдени бірлестіктерінің өкілдерін, соғыс және еңбек ардагерлерін, қаламыздағы ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлерін, мемлекеттік қызметшілерді, оқушылар мен студенттерді, ұстаздарды, жұртшылық өкілдерін ынтымақ, бірлік мерекесімен құттықтады.

 – Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Бірлік қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Жыл сайын атаулы мейрамда Қазақстан аумағында тұрып жатқан 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен тұрақтылықта өмір сүріп жатқанын паш етеді. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең үлкен байлығымыз. Осы игілікті сақтау жолында аянбай еңбек ету әр Қазақстан азаматының міндеті болып табылады.

Қазақстанның көпұлтты халқының татулығын көздің қарашығындай сақтайық , – деді өңір басшысы.

Жиында сөз алған түрлі этностар өкілдері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған сындарлы саясатқа, өздері тұрып жатқан қазақ еліне жылы лебіздерін арнады.

– 1944 жылы тағдырдың жазуымен шешенингуш халқы Қазақстанға жер аударылып, бастарынан қиын кезеңдерді кешкен уақытта, қазақтардың мейірбандылығы мен қонақжайлылығының арқасында халқым аман қалды. Менің туған еліме зор қолдау көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының және қазақ халқының алдында басымды иемін, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары, “Вайнах” облыстық шешенингуш қауымдастығының төрағасы Мұса Дадаев.

Ал Әзірбайжан мәдени орталығының төрағасы Тахир Гусейнов өз сөзінде: “Мен әзірбайжан халқының өкілімін, кең-байтақ жері, соған сай дархан, кең көңілі бар қазақ халқын, осы мемлекетті мекендеп жатқандардың барлығын өз бауырымдай, досымдай сезінемін, жақсы көремін. Елдігіміз, бірлігіміз, татулығымыз, достығымыз нығая берсін. Елбасымыз айтқандай: “Бірлігіміз берік, тірлігіміз серік болсын!” деген лебізін білдірді.

Салтанатты шарада сөз сөйлеген “Світанок” облыстық украин мәдени орталығының төрағасы Александр Платко елдегі бейбітшілікті сақтау ісіне барша қазақстандықтардың бір адамдай жұмылулары керектігін айтып, жиналған жұртшылықты тағы бір мәрте бірлікке шақырса, өңір жастарының атынан сөз алған “Жас Отан” жастар қанатының белсендісі Азамат Шаймерденов жастар да елді көркейту жолында аянбай еңбектенетінін жеткізді.

Орталық алаңға құрылған Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ақшаңқан шатырлары анадайдан көз тартып, “мен мұндалап” тұр. “Тәуелсіздік стеласына” қарай бет алған өңір басшысы Самат Ескендіров мәдени орталықтардың тіккен шатырларына да соғып, мерекелерімен құттықтады.

Әр этнос орталығы тіккен шатырларының ішін ұлттық нақышта түрлі кәдесыйлармен, аспаптармен және басқа да тарихи-мәдени құндылықтарымен безендіріпті. Өздері де осындай айтулы мерекелерде ғана бойларына іліп шығатын ұлттық киімдерін киіп, келген қонақтарды сән-салтанатпен жылы қарсы алды, өнерлерін ортаға салды.

“Urpag” қазақ мәдени орталығының” шатырында өңірімізге танымал қолөнерші шеберлер – Қалдыровтардың ағаштан ойып жасаған астау, тостаған, ожауларының түр-түрі қойылыпты. Осы жерде тігіншілердің қолдарынан шыққан бұйымдар да келушілердің назарына ұсынылды.

Өнер колледжінің 3-курс студенті Қазбек Байтеміров домбыраның сүйемелдеуінде “Гүлдариға” әнін орындаса, қырғыз бауырларымыздың манасшысы Талайбек Болатбеков “Манас” эпостық жырынан үзінді төгілтті. Ол – Қазақстан мен Қырғызстан елдерінің ынтымақтастық келісімі аясында Петропавл Жоғары әскери институтында оқып жүрген курсант.

“Қазақстанның Орыс қауымдастығы” мен “Сібір казактарының достастығы” қоғамдық бірлестіктері облыс әкімі Самат Ескендіровке нан мен тұз ұсынды. Сырнайдың сүйемелдеуіндегі екі дауысқа бөлініп шырқаған әуезді әндері де жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. “Қазақстанның Орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Николай Авдеев: “Еліміздің ең басты байлығы болып саналатын өңіріміздің көпэтносты халқы Отанымыздағы келісім мен достықты, бейбітшілікті мақтаныш тұтады және әр кез осы татулықты сақтауға бір кісідей жұмылады. “Бірлік бар жерде тірлік бар” деген қағиданың мән-маңызын біз әбден саралап, санамыздан өткіздік. Біздің елімізде қалыптасқан ынтымақтастық пен халықтар достығы Қазақстанның одан әрі гүлденуіне, өркендеп дамуына бұдан әрі де зор үлесін қосатын болады”, – деп, облыс әкіміне көпұлтты мемлекетіміздегі достық пен бірліктің, табыс пен молшылықтың нышаны ретінде өз қолдарынан жасаған “Өмір ағашы” кәдесыйын табыс етті.

“Дуслык” татар-башқұрт мәдени орталығының” вокалдық тобы “Сайра сандуғаштарым”, деп шырқаса, “Армян” мәдени орталығының” кішкентай өнерпаз қызы Жаяу Мұсаның әні “Жаяу Мұсаны” қобызда сызылтып ойнап берді. Жиналғандар назарына тәжіктің ұлттық биін билеген кішкентай бүлдіршін Исмаил Гуловтің, “тавлак” аспабында асқан шеберлікпен ойнаған Хамза Әли Сайджалудің, әзірбайжанның “Нагара” аспабының құлағында ойнаған Малик Ахундовтың өнерлері ұсынылды.

Самат Ескендіров “Світанок” – украин, “Радзіма” – беларусь, “Кентрон” – армян, “Вайнах” – шешен, “Видергебурт” – неміс, “Коперник” – поляк мәдени орталықтары қоғамдық бірлестіктері өкілдерінің де өнерлерін тамашалады.

Сонымен қатар, бұл шатырларда “Достық дастарқаны” жайылып, онда өңірімізді мекен етіп отырған әр этностың ұлттық тәтті нан-тоқаш өнімдері қойылыпты. Солардың ішінде ерекшесі “Рахат-лукум” кондитерлік цехының кондитерлері әзірлеген ұзындығы мен ені 1,5 метр, салмағы 35 килограмдық торт болды. Оны 4 кондитер екі күн бойы дайындапты.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Петропавл қаласының Мәдениет және Ішкі саясат бөлімдері өкілдерінің ұйымдастыруымен 1-мамыр мерекесінің тарихынан сыр шертетін баннерлер дайындалған. Онда Кеңес Одағы кезіндегі шерулерді бейнелеген суреттер де бар. Баннерлерге шеруге шыққан еңбек ұжымдары, мектеп оқушылары, партия ұйымдарының өкілдерінің суреттері де орналастырылған.

Көрмеде қыз-келіншектерге арналған түрлі әшекей бұйымдары мен кәдесыйларға да орын табылған. Соколовка және Петропавл қаласындағы облыстық Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат, коррекциялық мектеп-интернат оқушыларының қолдарынан жасалған бұйымдар да көз тартады.

Жас балғындар “Әрқашан күн сөнбесін!” суреттер конкурсына қатысты, мерекеге байланысты өздерінің ой-тебіреністерін қағаз бетіне түсіріп, достық пейілдерін білдіруде.

Орталық саябаққа кіреберісте түрлі спорттық ойындар мен жарыстарға қатысушылардың қарасы қалың көрінді. Тіпті, қыздардың өзі ұлдардан қалыспай “Қазақша күреске” кірісіп, бел тартысуда. “Қол күресі”, “Арқан тарту”, велосипедпен жарыс, тағы басқа да сайыстардың түр-түрі жиналғандардың жас ерекшеліктеріне қарай бөлек-бөлек өтіп жатты.

Облыс әкімі Самат Ескендіров Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған мерекелік шара соңында түрлі этнос өкілдерімен бірге “Тәуелсіздік стеласының” жанында естелік суретке түсті.

* * *

Осы күні облыс әкімі Самат Ескендіров Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда болып, соғыс ардагерлерімен кездесті және Новоишимка ауылында өтіп жатқан “Бейбітшілік және келісім” атты этномәдени бірлестіктердің фестиваліне ќатысты.

Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда бүгінгі күні 20 Ұлы Отан соғысы ардагері бар. Облыс әкімі ауданға жасаған сапары барысында ќарт майдангерлер Айып Анафинмен және Иван Радченкомен жүздесті. Екеуі де – осы ауданның тумасы. Ел басына күн туғанда 17 жасар бозбалалар жаумен шайқасқа аттанған. Бірі – Балтыќ, екіншісі – Украин майданында соғысып, көптен күткен Жеңіс күнін жау ордасында қарсы алған көрінеді. Кейін сұм соғыс күйреткен экономиканы көтеріп, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіпті. Бүгінде ќариялар ќыздарын ќияға, ұлдарын ұяға ќондырып, немере-шөбере сүйіп отыр. Тоќсанның төріне шыққандарымен, ќоғамдыќ шаралардан ќол үзбеген. Әсіресе, өскелең ұрпаќтың бойына елжандылыќ ќасиеттерді сіңіруде белсенді.

Самат Ескендіров қос ардагерді алдағы мейраммен құттықтап, “Отау-ТВ” ќабылдағышы мен бір-бір теледидар тарту етті.

Шуаќты мамырдың алғашқы күнін новоишимдіктер “Бейбітшілік және келісім” атты этномәдени бірлестіктердің фестивалімен кеңінен атап өтті. Өңір басшысы жиналған қауымды Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтады.

– Елбасының биылғы Жолдауында атап айтылғандай, “Қазақстан – 2050” – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Сол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтыла берейік. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білейік! – дей келіп, Самат Сапарбекұлы аудан аумағындағы 60-тан астам ұлт өкілдерін біріктіріп отырған бірқатар этно-мәдени бірлестіктерге ақшалай сыйақы табыс етті.

Мереке барысында өңір басшысы этномәдени бірлестіктер ұйымдастырған көрмелермен танысып, өнерлерін тамашалады.

– Біздің бірлестікке көптеген ұлт өкілдері мүше. Олардың ұлттық салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары бізде бірдей дәріптеледі. Ешкімді бөліп-жармаймыз. Бастысы, жастарға татулыќтың маңызын түсіндіріп, елжандылыќќа тәрбиелеуге аса мән береміз, – дейді Рузаев ауылдық округіндегі “Ынтымаќ” этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Емельянова.

Мерекелік шараны ауданның үздік өнер ұжымдары құлақ құрышын қандырар ән-күймен, мың бұралған бимен әрлендіре түсті.

Аталмыш шарадан кейін облыс әкімі жаңартылған стадионға ат басын тіреді. Онда Социалистік Еңбек Ері Василий Киричек атындағы футбол жүлдесі сарапқа салынып жатыр екен. Бұл шара тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орай ұйымдастырылыпты. Ақтық жарыста Червонный ауылының командасы жеңімпаз атанды. Жас аяќдоп шеберлеріне өңір басшысы ойын жабдыќтарын тарту етті.

– Атамның ќұрметіне ұйымдастырылған жарыста жеңімпаз атанғанымызға ќуаныштымын. Себебі, тыңгер атам осындай ќошеметке лайыќ жан болатын, – дейді Сергей Киричек.

Кейін өңір басшысы мерекеге орай ұйымдастырылған балалар шығармашылығы ұжымдарының гала-концертін тамашалап, “Астана” саябағында болды. Осы саябақта жас жеткіншектер ұшырған көгершіндер бейбітшілік нышанындай аспанда қалықтады…

 

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

Ләйла ЖАНЫСОВА,

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp