«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕДЕГІ АҒАТТЫҚ

Қазақ халқы талай нәубетті бастан кешті. Жаугершілік заманда ұлан-байтақ жерімізді қорғау үшін күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеді, қолдан ұйымдастырылған аштық пен қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Одан кейін екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін тартты. Десе де, азаттыққа қол жеткізіп, жаңа дәуірдің жарқын сәттерін көру бұйырды. Құдайға шүкір, ширек ғасырдан астам уақыт ішінде еліміз зор қарқынмен алға жылжып, дамудың даңғыл жолына түсті. Қазір бейбіт өмірдің куәсіміз. Өкінішке қарай, адамдардың пейілі өзгерді. Кейде біз бауырмалдық, жанашырлық қасиетті жоғалтып алдық па деп қорқамын.

Бұған кім кінәлі? Қоғамның ір­гетасы – отбасынан басталаты­нын ескерсек, алдымен әрбір ата-ана балаға дұрыс тәрбие беруді басты мақсат етуі тиіс. Өйткені, отбасы – адам баласының өсіп-өнетін алтын ұясы. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” деп бекер айтылмаған. Сондықтан ұлттық құндылық, салт-дәстүр, дін, діл, тілді құр­меттеуге ерекше назар аударған жөн. Ұлттық құндылықтарымызды сақтасақ, бүгінгі қоғам қатыгездіктен аулақ болар еді.
Кеңес дәуірін көксеп отырған жоқпын, бірақ бұрын бәрі басқаша еді. Шіркін, бұрынғының адамдары-ай! Көңілдері де сондай кең еді ғой. Мен бұрынғы Октябрь ауданындағы Мектеп ауылында дүниеге келдім. Балалық шағымыз қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келді. Он жасымнан бастап еңбекке араластым. Талай бала ұжымшарда таңның атысы, күннің батысы жұмыс істеді. Шөп жинау, мал бағу – бізге жүктелген міндеттің бір парасы ғана.
“Еңбек – ширатады, өмір – үйретеді” демекші, сол еңбек бізді шынықтырды. Бізді тәртіпке, еңбекке баулыған ата-анама әлі күнге дейін ризамын. Әрине, әке-шешенің аялы алақаны мен жүрегіне, шексіз мейірімі мен кіршіксіз таза көңіліне тең келер ештеңе жоқ. Ал бауырдың жөні бір бөлек. “Ағадан – ақыл, ініден – ізет” демекші, біз бір-бірімізге жақын, қамқор, бауырмал болып өстік. Отбасында үш ұл, сонша қызды дүниеге әкелген әке-шешеміз біздің бойымызға халқымыздың бар асыл құндылығын сіңіріп өсірді. Одан ешқандай жамандық көрмедік. Өкінішке қарай, қазір рухани құндылықтан, материалдық байлық басым түсті. Кейбір ата-аналар балаларының айтқанын істеп, қалағанын әперумен шектеледі. Қазіргі жағдай – соның салдары.
Бала тәрбиесі байыптылықты қажет етеді. Аяғын тіктеп, алға қарышты қадам басқан тәуелсіз еліміздің өзге елдермен терезесі тең болуы үшін білікті де білімді, іскер, бәсекеге қабілетті, алғыр жастардың қатары көбеюі тиіс. Бұл орайда жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектерімізді елжандылыққа тәрбиелеуіміз қажет. Бала тәрбиесіне етене жақын болған соң облыстық ардагерлер кеңесі тарапынан ұйымдастырылатын шараларға жиі шақыру аламын. Бүгінде жасым тоқсаннан асса да, облыс орталығындағы бірқатар білім беру ұйымдарында оқушылармен өтетін кездесулерге қатысамын. Мұндай танымдық шараларда жастардың тәрбиесіне қатысты көп ойлар айтылады. Олар аға буынның естеліктерін ұйып тыңдайды. Ұрпақ сабақтастығы деген осы. Кездесулерде адал еңбек, маңдай термен тапқан табыстың пайдасын насихаттап, жастарға қайырымды әрі қарапайым болу қажет екенін айтамын.


Жұмаш СЕЙІТБЕКОВ,
ардагер ұстаз.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp