«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘРБИЕНІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Отан отбасынан басталады. Бала үшін отбасы – тіршілік ортасы, екіншіден – тәрбиенің ордасы. Сондықтан тұлға қалыптастыруға отбасы тікелей ықпал етеді. Адамның бойындағы ар-ождан, ақыл-ой, адамгершілік пен мәдениеттілік те ошақ қасында қалыптасады.

Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі ерекше. Халқымызда “Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды” деген нақыл сөз текке айтылмаса керек. Сондықтан тұлға қалыптастыруда әкенің қамқорлығы мен қолдауын ештеңе алмастыра алмайды. Үлкендер бата бергенде елдің азаматы, қорғаны, мақтанышы болуды айтады. Осы сөз дастарқан басында жиі айтылса, баланың жүрегінде орын тауып, іс жүзінде көрініс беретіні анық. Барлығы ойдан, ниеттен бастау алады. Сондықтан да бала тәрбиесінде ойдың, сөздің, істің бірізді болуын мұқият қадағалаған жөн. Егер әкесі баласын тәрбиелеуде анаңды сыйла, жақсы көр деп айтатын болса, өзі де анасына қамқорлықты, сыйластықты, мейірімділікті іс жүзінде көрсетуге тиісті.

Отбасындағы тәлім-тәрбиемен қатар, адам бойындағы ізгі қасиетті қалыптастыруда мектептің алатын өз орны бар. Сондықтан ертең ел тізгінін ұстайтын өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру – біздің басты мақсатымыз. Мектептегі тәрбиені ұлттық қағидалармен толықтыру қажет. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында пәндерді тереңдетіп оқытуға ден қойылды. Алайда, шәкірт бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруге дұрыс мән берілмейтіні өкінішті. Соның салдарынан жастарымыз жағымсыз қылықтарға бой алдырып, имандылық жолдан адасуда. Жаңа ғасыр ұрпағы – көптілді, озық ойлы, зерек, білімді. Бірақ үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді білмесе, ондай білімнің не қажеті бар? Бұл туралы әл-Фараби атамыз “тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” деген еді.

Бала болмысы еліктегіш келеді. Ол естігенін емес, көргенін істейді. Сондықтан ата-ана балаға әрқашан үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Егер отбасында бала сүйіспеншілік, махаббат пен қолдау көрмесе, ертеңгі күні одан қамқорлық, жақсылық күтуге болмайды. Ата-ана отбасында баланы Отанды құрметтеуге тәрбиелеп, өзі де ел мүддесі үшін қызмет етсе, баланың да туған жерге деген көзқарасы қалыптасады. Әрбір адам менің елім, туған жерім бұдан да жақсы болуы үшін мен не істей аламын деген сауалды өзіне қойса жөн болар еді. Баршамыз егемен еліміздің дамуына бір адамдай үлес қоссақ бір ғанибет емес пе?

Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, құлықтылық (моральдық нормалар) үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып, әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір-салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден терең нәр алған пенде – рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл адам дәрежесіне тезірек жетеді.

Ұлттық менталитет – тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі асыл да қымбатты рухани дүниелер. Бұл орайда, этнопедагогиканы – ұлттық тәрбие негізі деп білеміз. Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда ата-бабаларымыздың ұлағатты ойлары мен тәлімдік тәрбиесінің атқаратын орны ерекше. Ұлттық патриотизм дегеніміз, ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру.

Мағжан Жұмабаев: “Тәрбиелеудегі мақсат – баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару. Тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті”, – дей отырып, жастардың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру қажет екенін айтады.

Өскелең ұрпақтың елжанды болуы үшін тәрбие негізін ұлттық сана-сезімнен, салт-дәстүрден бастаған жөн. Жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу – бұл тұлғаның, елдің, оның мәдениетінің бірегейлігі, әлеуметтің, халықтың әлеуметтік психологиясының ерекшеліктері толымды көрініс табатын қоғамдық өмірді ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарын пайымдау арқылы жүйелі дамуы. Патриотизм міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел-жұртқа, халыққа қызмет ету үшін серпін берері анық.

Дариға ДӘУЛЕТОВА,

“Өрлеу” БАҰО” АҚ педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты білім беру процесін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp