Елімізде “COVID-19”-ға қарсы күресіп жүрген 53 мың медицина қызметкеріне маусым айы үшін үстемеақы төлене бастады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен медициналық сақтандыру қорына 35,7 млрд. теңге бөлінді. Қор қаржы операторы ретінде медицина қызметкерлерінің наурыз бен маусым айы аралығындағы еңбекақысына қосымша 32 млрд. теңгеден астам қаржы төледі. Қордың біздің облыс бойынша филиалы осы кезеңде 1200-ден астам медицина қызметкеріне 569,7 млн. теңге үстемеақы аударды.
Қауіпті жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің саны ай сайын артып отыр. Наурыз айында үстемеақыны 19 мыңнан астам адам алса, мамыр айында олардың саны 40 мыңға жетті.
Коронавирус пандемиясына қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және көтермелеу үшін қарастырылған үстемеақы төлеу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тәуекел топтары белгіленді. Яғни, тәуекел тобына байланысты медицина қызметкерлеріне 212 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін қосымша ақы төленеді.
Үстемеақы алушылар тізімін жедел штаб жанынан құрылған өңірлік комиссия жасайды. Облыс әкімінің орынбасары басқаратын комиссия құрамына медициналық сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері, өңірдің мемлекеттік бас санитар дәрігері, денсаулық сақтау басқармасының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіреді. Егер үстемеақыға қатысты қандай да бір сұрақ туындаса, өңірлік комиссияға жүгінген жөн.
Ал коронавирусқа шалдыққан медицина қызметкерлеріне қосымша қаржыны денсаулық сақтау басқармаларының өтініші бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлік комиссия шешімі негізінде төлейді.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімінің бас сарапшысы.