«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ АЙШЫҚТЫ БЕЛГІСІ

Қазақстан әлем елдері таныған, олармен терезесі тең, өзінің лайықты орны бар мемлекетке айналды. Бұл Елбасының тәуелсіздік жылдары мемлекетті нығайту бағытында атқарған сындарлы саясатының нәтижесі болып табылады.

Тәуелсіздік жылдары еліміз талай асулардан өтіп, бүгіндері әлемнің дамыған отыз елінің қатарына кіру жолында асқаралы міндеттерді шешу үстінде. Сол тәуелсіздігіміздің айшықты, айбынды символы – теңгенің айналымға енгізілгеніне биыл 25 жыл толып отыр.

Бүгіндері тарихқа айналған уақыт жылнамасын ақтарсақ, елімізде 1992 жылдың көктемінде ұлттық валютаны енгізу мүмкіндіктерін саралайтын комиссия құпия түрде өз жұмысын бастағанын көреміз. Бұл комиссия туралы жоғары басшылықтағы бірнеше адамның ғана хабары болды. Алдымен жаңа валютаның дизайнын жасайтын шығармашылық топ жасақталды. Құпия кеңес ұзаққа созылған талқылаулардан соң ұлттық валютада қазақ мемлекеттігін қалыптастырған тарихи тұлғалар бедерленуі тиіс деген шешім қабылдады. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң шағында аса қажетті қадам еді. Сан жылдар бойы сананы езген режімнің темір құрсауы босаған шақта ұлттық мақтаныш сезімін көтеру керек болатын. Алғашқы ұсынылған нұсқаның бірінде Елбасының бейнесі де бедерленіпті. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан жолы” кітабында “Ең әуелі суретшілер Бірінші Президент кескінделген, яғни менің суретім салынған банкноттарды ұсынды. Е.Асанбаев, Т.Сүлейменов және Ғ.Байназаров үшеуі маған ішкі бетіне менің суретім бейнеленген 50 теңгелік купюраны алып келді. Бірақ мен “Мен тарихи тұлғамын ба, жоқ па, оған ұрпақтар қазы болады”, – деп жауап бердім. Суретімнің ақшада басылғаны қолайсыз болар, себебі, Африка елдерінің билеушілерінен басқа, көзі тірі мемлекет басшыларының ешқайсысы ақшаға өз суреттерін орналастырғанын көргенім жоқ деп, әңгімені қалжыңға бұрып жібердім. Бәріміз бірге күлісіп, бұл нұсқаны алып тастадық”, – деп еске алады.

Ұлттық валютаның атауы туралы да бірнеше нұсқалар ұсынылды. Олардың қатарында “сом”, “ақша”, “теңге” деген атаулар болды. Қорытындысында комиссия ежелгі Қыпшақ даласында сауда айналымында болған “теңгеге” тоқталды. Теңгенің айналымға енгізілуі – тәуелсіз республикамыздың жылнамасындағы ең маңызды оқиғаның бірі. Тәуелсіздікті нығайту, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізу үшін аса қажетті тарихи қадам осылайша жасалған болатын.

Қазақстан экономикасы нарықтық қайта құруға бет бұрғанда бұрынғы КСРО-ның бірыңғай ақша жүйесі тұрақсыз еді. Жас мемлекеттер біртіндеп өздерінің ұлттық валюталарын, уақытша ақша белгілерін енгізе бастады. Рубль аймағында Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан елдері ғана қалды. Қазақстанға кеңестік рубльдің бақылаусыз көптеп келуі инфляцияның шарықтап өсуіне әкеліп соқты. Төл валютаны енгізу арқылы Ресейдің қаржы институттарына бағыныштылықтан арылу, дербес монетарлық, экономикалық саясатты жүргізу көзделді.

Тарихи күн қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев теледидар арқылы халыққа түсіндірме берді. Ақшаның ауысуы жан-жақты ойластырылғанын, елдің бүгінгі және алдағы мүмкіндіктері ескерілгенін атап өтті.

Теңге ресми түрде 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілді. Ең бірінші бағамы 1 АҚШ долларына 4,75 теңге болды. Әр теңге 500 рубльге ауыстырылды. Ел Ресейдің рублін әл-Фараби, Абай, Шоқан, Сүйінбай сияқты ұлт мақтаныштары бейнеленген жаңа ақшаға айырбастады. Сондағы халықтың асып-тасыған көңіл қуанышының өзі неге тұрады?! Қазақ тіліндегі, ұлттық нақыштағы банкноттарды бір-біріне көрсетіп, сүйіншілеген ағайын тәуелсіздікке тәубе айтты.

Теңгені айналымға енгізу біздің облыста да қысқа мерзімде және ұйымдасқан түрде өтті. Сол кезде облыс аумағынан 1961-1962 жылдардағы үлгідегі сомасы 32,5 млрд. теңге болатын рубль банкноттары айналымнан шығарылды. Олар жиналып болған соң 770 инкассаторлық қапқа салынып, 20 тонна ескі ақша жойылды.

Экономикада ұлттық валютаның ішкі және сыртқы тұрақтылығына жету, инфляциялық үдерістерді тежеу, елдің банк жүйесінің қызметін жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету қазіргі кезде өте өзекті мәселе саналады. Ұлттық валюта нарығын, оның айырбастау бағамының артуы мен төмендеуінің экономикалық зардаптарын қарастыру бүгінгі банк жүйесі міндеттерінің бірі болып қалуда. Республика экономикасында жүргізілген реформалардың барысында Ұлттық банктің міндеттері кеңейіп, ақша-несие саласын реттеу әдістері мен тетіктері жетілдірілді.

Облысымыздың банк секторының қазіргі ахуалын сипаттаған кезде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жақсаруына байланысты оң үрдістердің орын алғанын айта кету керек. Теңге айналымға енгізілген 25 жыл ішінде облыс бойынша банктердің несиелік салымы – 296 есе, депозиттік базасының көлемі 7785 есе өсті. Соңғы бес жыл ішінде өңірімізде несиелік салымдар – 40 пайызға, экономиканың нақты секторы мен тұрғындарға берілген несиелер көлемі – 65 пайызға, шағын және орта бизнесті несиелеу – 20 пайызға, тұтынушылық және ипотекалық несиелеу 2 есеге артты. Бүгіндері облысымыздың қаржы нарығы өңірімізде серпінді дамып келе жатқан сектордың бірі болып табылады.

Өңіріміздегі Ұлттық банктің филиалы мен екінші деңгейдегі банктердің 14 филиалы, олардың 43 құрылымдық бөлімшелері, микроқаржылық ұйымдар, облыстың банк секторындағы қызметкерлер қаржы секторының дамуына өз үлестерін қосуда. Сонымен қатар бүгіндері облыс аумағында 104 айырбастау пункті, 2936 РОS-терминал жұмыс істейді. Ұлттық валюта айналымға енгізілген жылдарда нарықтық сұраныс пен талаптарға жауап беретін осызаманғы жаңа банктік жүйе қалыптасты. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында несиелік салымдар көлемі былтырғы деңгейден 12,5 пайызға артып, 118,4 млрд. теңгеге жетті. Жыл басынан бері облыс банктері өңірдің экономикасына 100,2 млрд. теңге несие бөлді, оның 30,2 пайызы шағын және орта бизнесті қолдауға жұмсалды. Есепті кезеңде өңіріміздің қаржы институттары 6,4 млрд. теңге ипотекалық, 33,9 млрд. теңге тұтынушылық несие берді. Бұл облыс тұрғындарының банк жүйесіне сенімін көрсетеді.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларды несие беру тұрғысында орындау – Ұлттық банктің бүгінгі таңдағы басым міндеті. Қолайлы мөлшерлемелер және мерзімдер бойынша халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін “7-20-25” бағдарламасын жүйелі іске асыру жалғасады.

Бүгінгі таңда теңге тұтастай Қазақстан мен оның барша азаматтарының дербес тіршілігінің, мемлекет тәуелсіздігінің айғағы болып отыр. Ұлттық ақша осы жылдар ішінде түрлі қаржы дағдарыстарына төтеп беріп қана қоймай, жұртшылық тарапынан инвестициялық сенімге де ие болды. Теңге ұлттық валюта ретінде еліміздің экономикалық даму үдерісінде өзінің лайықты орнын тапты. Еліміз “Қазақстан – 2050” Стратегиясын басшылыққа алып, әлемнің өркениет көшімен қарышты қадаммен алға басып келеді. Бұл – әлемнің озық отыз елінің қатарына бағытталған ізгілікті қадам.

Диас МЭЛС,

“Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі” республикалық мемлекеттік мекемесі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp