“Тәуелсіздік дәуірі” кітабының авторы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі Қазақстанның тәуелсіздік алуы және егемен елдің қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. “Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады!” – деп жазды Президент кітаптың эпиграфына. Елбасы өз еңбегінде Қазақстанның 26 жылдық тәуелсіз даму жолында қандай қиын-қыстау кезеңдерден өткені, халқымыздың қуатты мемлекет құрып, жайлы өмір үшін қалайша күрескені жөнінде баяндады. Кітапта бүгінде барша әлем мойындаған қазақстандық даму моделін құру принциптерін ашып көрсетті.
Елбасы кітабында азаттықтың ақ таңы атқан сәттен бастап осы күнге дейін Қазақстанның жүріп өткен жолы, жаңғыртудың үш толқынын өткерген еліміздің даму кезеңдері, отандық парламентаризмнің қалыптасуы, “қазақстандық даму үлгісінің” табиғаты мен оның эволюциясы, негізгі принциптері, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған. Бұлар бүгінде біздің тәуелсіздігіміздің басты құндылықтары болып табылады.
Мемлекет басшысы қазақстандық даму жолының қағидаларын айшықты мысалдар келтіре отырып көрсетті. Бұл – “Революция емес, эволюция”, “алдымен – экономика, сосын – саясат” қағидалары. Ал “Адам капиталының жаңа сапасы” қағидасында адам мен оның мүмкіндіктеріне сенім туралы айтылады.
Әрине, біз, яғни Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері үшін кітаптың түрлі этникалық қарым-қатынастар мен қоғамдық келісімнің жаңғыруына, Ассамблеяның құрылуына, эволюциялық үдерістеріне арналған тарауы ерекше қызығушылық тудырды. “Халықтар арасындағы достық пен ұлттар арасындағы келісімнің қандай да бір ортақ “рецепті” болмайтынына жаһандық тарих көзімізді жеткізіп отыр. Бұғанасы қатпаған жас мемлекет сыртқы емес, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып жұмыс істейтін ішкі саясат тетіктеріне мұқтаж болатын. Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамды ұйытып, этностарды жақындастырып, қақтығыстардың алдын алатын осындай тиімді тетікке айналды”, – деп жазды Нұрсұлтан Әбішұлы кітаптың “Ортақ шаңырақ астында” атты тарауында.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанға елдің этникалық топтары үшін қарым-қатынас алаңы бола алатын құрылым қажет болды. 1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Осылайша, оған қоғамдық бірлік пен келісімді нығайту, этносаралық қарым-қатынастардың қазақстандық үлгісін қалыптастыру және мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыру сияқты маңызды міндеттер жүктелді. “Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық үлгісі елдің төл тарихына арқа сүйеп, этностық және азаматтық сәйкестіктің маңыздылығын түсінуге негізделеді. Сол себепті 1996 жылы сәуір айында Қазақстан халқы Ассамблеясының III сессиясында әрбір қазақстандыққа саналы түрде өз азаматтығын шешу жайлы мәселе көтерілді. Мен “азамат дегеніміз – шыққан тегіне қарамастан, өз тағдыры мен ел тағдырын ортақ деп қарайтын адам” екенін барлық азаматтардың есіне салдым. Әрине, мұндай сәйкестікке жету үшін біраз уақыт керек, бірақ бұған келмей болмайды. Ал Ассамблея жаңа азаматтықтың көпірі болып табылады”, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан халқын еліміздегі түрлі мәдениеттердің біріктіретініне діни, ұлттық мейрамдардың ортақ мерекеге айналуы да мысал бола алады. Масленицаны мұсылмандар қуана қарсы алса, Құрбан айтпен православтықтар да құттықтап жатады. Наурыз мерекесінде түрлі ұлттардың тағамдары қойылған үлкен дастарқан әзірленеді. 1 наурыз күні ортақ үйіміздегі тыныштық пен келісімге ризашылығымызды білдіріп, түрлі саяси жағдайларға байланысты Қазақстанға қоныс аударылған көптеген ұлттардың өкілдерін құшағын жая қарсы алған және баршамыз үшін туған Отанымызға айналған ұлы қазақ жеріне алғысымызды айтамыз. 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнін қуанышпен атап өтеміз.
Меніңше, бұл кітап Қазақстан Республикасы Президентінің “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласымен және оның “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты халыққа Жолдауымен үндес. Жолдауда Елбасы біздің басты құндылығымыз – азаматтық бейбітшілікті, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтап қалуымыздың арқасында әлеуметтік-экономикалық жетістіктерге қол жеткізгенімізді атап көрсетті.
Жалпы алғанда, қоғамды рухани жаңарту арқылы ұстанған даму бағыты әрбір қазақстандыққа өзінің өмірлік жолын анықтап, “Рухани жаңғыру”, “Мәңгілік ел”, бірлік пен келісім, еңбек пен игілік, бейбітшілік пен көркею сияқты құндылықтарды басшылыққа ала отырып, ілгері басуына мүмкіндік береді.
Елбасы өз кітабында баршамыздың және мемлекеттің алдына жаңа міндеттер қойды. “Тәуелсіз Қазақстан тарихының басты тағылымы мынада: кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні – мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жеткізу әркімнің өз қолында. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – азат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін-өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыруы қажет. Демек, бүгін де болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих кемел келешекке жетелейді”, – деп жарқын болашақ үшін еңбек етуге шақырады.
“Тәуелсіздік дәуірі” қазақстандықтардың қолдан түсірмей оқитын ең құнды шығармасына айналары сөзсіз. Баршамыз көшбасшымыздың егемен Қазақстанның гүлденуі үшін сіңірген өлшеусіз еңбегін, стратегиялық талантын, елімізді бірлік пен бейбітшілік, қоғамдық келісім орнаған мекенге айналдыруға жұмсаған күш-қуатын бағалай білуіміз керек.
Наиль САЛИМОВ,
облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі.