Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрайымы Инесса Қуанова “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының III съезінде “Өз ісіне адалдығы үшін” үшінші дәрежелі медалімен марапатталды.
– Біздің мемлекетімізде бизнесмендер қолдау мен қорғауға алынған. Бизнестің өркендеуі мен еліміздің экономикасын дамыту үшін мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам институты ерекше күш салуда. Бұл медаль осы жетістікті айқындайды, – деді Инесса Қуанова.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі жұмыс істеген уақыттан бері 17 отырыс өткізіліп, 50-ден астам мәселе қаралды. Жүзден астам бизнес субъектісіне қиын сәттерде қолдау көрсетілді.
Кәсіпкерлер тарапынан көбінесе жөнсіз тексерістерге шағым түседі. Оның ішінде салықтық, жалған кәсіпкерлік, лицензиялық алым, кассалық машиналарды бақылау бойынша тексерістер жиі орын алады. Құрылыс, жер қатынастары, экология мәселелері де шет қалмайды. Бұл бизнес үшін басты кедергі екенін айтқан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі аталмыш мәселелерді шешуге барынша мүдделі екенін жеткізді.
Айсұлу ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.