Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған пошта қызметі заманға сай жетілдірілуде. Жер шарының кез келген нүктесінен хат-хабар алмасып, сәлем-сауқат жіберу әдеттегі іске айналды. Елімізде ең көп филиалдық желісі бар компания қызмет көрсету аясын кеңейтіп, жаңашылдықтарға бетбұрыс жасап жатқаны және байланыс торабының жұмысы жайлы “Қазпошта” акционерлік қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиевтен сұрап білдік.
– Бекжігіт Лесұлы, “Қазпоштаның” бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып өтсеңіз. Заман ағынына ілесе алып отырсыздар ма?
– Электронды коммерцияның дамуы әлемдік трендке айналды. Қазақстанда да онлайн сауда жылдам дамуда. “Қазпошта” бұған белсенді түрде атсалысуда. Қазақстандық кәсіпкерлер интернет арқылы неғұрлым көп сауда жасаса және ел тұрғындары сәлемдемелерге көп тапсырыс берсе, біздің ісіміз соғұрлым табысты болады. 2019 жылдың сәуір айының басында интернет-дүкендер үшін халықаралық кеден құжаттарын рәсімдеуді жеңілдететін заң қабылданды. Сарапшылардың болжамы бойынша бұл жаңашылдықтар қазақстандық тауарларды шетелге сату үшін пайдалы және электронды коммерцияның өсіміне серпін береді. Жыл сайын “e-commerce” саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің саны өсуде. Оған “Қазпошта” белсенді үлес қосуда. Мәселен, облыс әкімдігі, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры мен “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының қолдауымен үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Петропавл қаласында электронды коммерция бойынша кеңес өткіздік. Оған жүзден астам кәсіпкер қатысты. Кеңесте интернет-дүкенді оңай әрі жылдам ашу, тұтынушыларды тарту, танымал тауар платформаларында тауарды сату, сатып алудың орташа тауар чегі, бизнес нәтиже, Қазақстан бойынша тауарды мерзімінде жеткізу мәселелері талқыланды. “Қазпошта” сарапшылары компанияның интернет-дүкендерді құру шарттары, тауарлардың жеңілдетілген экспорты қызметі және әлемдегі ең ірі интернет-сайттармен ынтымақтастық байланыс орнатудың ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Филиалдағы мұндай шаралар кез келген өңірде өткізілетінін айтқым келеді.
– Пошта байланыс саласынан бөлек қаржылық қызметтерді де жүзеге асырады. Жұмыс түрінің, ауқымының кеңдігі қызмет сапасына кедергі келтірмей ме?
– Әрине, қаржылық қызметтердің ауқымы кең. Бұл – коммуналдық, салықтық және өзге де төлемдер. Балабақша жарналары, екінші деңгейлі банктердің пайдасына қарыздарды өтеу және басқа төлемдерді жүзеге асырамыз. Сондай-ақ, пошта байланысы бөлімшелері арқылы тұрғындар жер, көлік, жылжымайтын мүлік пен тағы басқа салықтың 7 түрі бойынша төлем жасай алады. Пошта бөлімшесі жалақы, зейнетақы немесе жәрдемақыны облыстың әр елді мекеніне жеткізеді, сол арқылы зейнеткерлер мен жалдамалы жұмысшыларға тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсетіледі. Зейнеткерлер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері үшін тегін төлем карталарын рәсімдейміз. Төлем картасын жасату үшін пошта байланысының кез келген бөлімшесіне өтініш беруге болады.
Қазір біз агенттік қызметтерді белсенді дамытудамыз. Елімізде “Қазпоштаның” барлық бөлімшелерінде сақтандыру, банктік несие, депозит рәсімдеу, әуе, теміржол билеттерін, жеке несие есептерін алуға болады. Біздің өңір бойынша қалалық және ауылдық жерлерде 51 несиелік пункт бар. Біз тұрғындарға “Альфа-Банк”, “Азия Кредит Банк”, “Еуразиялық Банк”, “АТФ Банк” пен “ХоумКредит Банкі” бойынша несие береміз. Сонымен қатар “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” мен “ХоумКредит Банкінің” депозиттік қызметтері де танымал. Бұған дейін ауыл тұрғындары теміржол билетін сатып алу немесе банк несиесін төлеу үшін аудан орталығына баруға мәжбүр еді. Енді мұның бәрін ауылдық пошта бөлімшесінде істеуге болады.
– “Қазпошта” тек өзінің бөлімшелерін ғана емес, сонымен қатар серіктестік желісін дамытуда. Бұл қандай жүйе және оның артықшылығы бар ма?
– Бұл – келісімшарт негізінде өнімдер мен қызметтерді, маркетингтік технологияларды пайдалану құқығын беретін бизнесті ұйымдастырудың моделі. “Қазпоштаның” пошталық және қаржылық қызметтерін ұсыну арқылы кәсіпкерлер қосымша табыс таба алады.
Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша “Қазпоштаның” серіктестік желісінің 400 сатылым нүктесі бар. Біздің өңірде осындай 9 бөлімше ашылды. Олардың жетеуі ауылдық жерде орналасқан. Кәсіпкерлер “Қазпошта” қызметтерін өз дүкендерінде, автокөлік салондары мен бизнес-орталықтарында жүзеге асыруда. Осылайша, кәсіпкер пошта қызметтерінен ақша табады және өз дүкеніне тұтынушыларды тартады. Біз үшін мұндай ынтымақтастық байланыс орнату тиімді. Өйткені, тұтынушыларға қолжетімді қызмет түрлерін көрсетудің маңызы зор.
– Облыстық филиалдың жұмысында тағы қандай жаңалықтар бар?
– Биыл біз онлайн қызметтер ұсынуға ерекше басымдық бердік. Порталды белсенді түрде дамытып, post.kz мобильдік қосымшасын ыңғайлы етуге тырысудамыз. Поштаны бақылаудан басқа, коммуналдық және салық төлемдері, картадан картаға ақша аудару қызметтері, ұялы байланыс төлемдері қолжетімді. “E-commerce”, “AliExpress” сияқты “Қазпоштаның” онлайн төлем карталарын алуға болады. Ол үшін бөлімшеге келудің қажеті жоқ. Біздің тұтынушыларымыздың арасында заңды тұлғалар басым. Олар партионды ақша аударымдарын, гибридтік электронды пошта, тапсырыс хаттарын жіберу қызметтерін белсенді пайдаланады. Айтпақшы, тіркелген хаттарды бөлімше операторының көмегін пайдаланбай-ақ, post.kz сайты арқылы да жіберуге болады. Ол үшін бөлімшелерде өз-өзіне қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді.
– “Қазпошта” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының инфрақұрылымы қандай? Өндірістік желінің ауқымы жайлы не айтасыз?
– “Қазпошта” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы өзінің арсеналында орталық операциялық бөлімі бар үлкен және ауқымды желіге ие. Облыстық филиалда он үш аудандық, тоғыз қалалық, 89 ауылдық пошта бөлімшесі, 21 жылжымалы бөлімше байланысы, 27 пошта байланыс пункті, 19 төлем қабылдау пункті, облыстық арнайы байланыс қызметі, поштаны өңдеу және сұрыптау бөлімі және автокөлік цехы бар. Облыста зейнетақы мен жәрдемақыны алушыларды карточкалық қызмет көрсетуге тарту мақсатында 29 банкомат пен 212 pos-терминал жұмыс істейді. Мұндай артықшылықтар тұрғындар мен корпоративті клиенттерге пошта қызметінің қолжетімді болуын қамтамасыз етеді.
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.