Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен дәстүрлі баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев пен облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Руслан Аңбаев Мемлекет басшысының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында айтылған сапалы, кәсіби, дербес мемлекеттік аппарат қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
Жалпы бүгінгі күні облысымызда 500-ден астам мемлекеттік орган болса, атқарушы биліктегі мемлекеттік қызметшілер саны 2600-ден асады.
Мамандардың айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енген “Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы”, “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңдарға және Әдеп кодексіне сәйкес алдағы уақытта конкурстық іріктеуді ашық өткізу арқылы сыбайлас жемқорлық әрекеттерді азайту бағытында нақты қадамдар жасалмақ.
Ғалым Тұрсынбаевтың айтуынша, жаңа заңға сәйкес енді мемлекеттік органдарға орналасу үш кезең арқылы жүргізіледі, ал қызмет сатысы төменгі лауазымнан басталады. Сондай-ақ, жас маманға тәлімгер бекітіліп, ол жердегі сынақ мерзіміне 3 ай берілген. Егер мемлекеттік қызметші жұмысты меңгере алмай жатса, онда бұл уақыт 6 айға дейін ұзартылуы мүмкін. Мұндай өзгерістер “Б” корпусының кадрлық резервін қысқартып, мемлекеттік органдардағы ауыс-түйістерді азайтады.
Ал облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Руслан Аңбаев “Мемлекеттік қызмет жөніндегі” заң және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамын жақсарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмысы жайлы баяндады. Былтыр “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелдің жоғары оқу орнын тамамдаған 5 түлек жұмысқа қабылданып, 900-ге тарта тағайындау жүргізілген. Облысымызда “А” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің саны – 14, ал 5 адам бүгінгі күні осы санат бойынша резервте тұр. Былтыр 1400-ге жуық қызметкер өңірлік қайта оқыту және біліктілікті арттыру орталығында білімін шыңдаса, 1300-ден астам маман республикалық оқыту орталығының куәлігін иеленген. Ал 40-қа жуық мемлекеттік қызметші мемлекеттік басқару академиясында біліктілік арттырып қайтқан. Руслан Әкімжанұлының айтуынша, былтыр 750-ден астам мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Ал 33 мемлекеттік орган өкілінің сыбайлас жемқорлық әрекеті әшкере болған.
Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент мамандары бір мыңнан астам бос әкімшілік лауазымына конкурстар өткізген. Онда 718 жеңімпаз анықталған. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардағы қызмет алмастыру мәселесі де мамандардың жіті бақылауында. Сол үшін қызметкерлер арасында сауалнама ұйымдастырылып тұрады.
Ғалым Сұлтанұлы сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында жүргізілген жұмыс жайында да баяндады. Былтыр тәртіптік кеңестің 12 отырысы өткізіліп, онда 61 іс қаралған. Тәртіптік кеңестің ұсынысымен сыбайлас жемқорлық әрекеті үшін 61 адам жұмысынан босатылыпты. Мекеме басшылары тарапынан жұмыстан тыс уақытта қызметтік көлікті заңсыз пайдаланудың 12 оқиғасы тіркеліп, жауапты тұлғалар жазаға тартылған.
Айгүл ЫСҚАҚОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.