«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ ДІҢГЕГІ

“Мәдениет ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты”, – деп дана халқымыз бекер айтпаған. Кезінде қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов ғылым мен мәдениетті барлық дүниенің алтын алқасына теңеген болатын. Ол рас, мәдениет – әлеуметтік фактор әрі қоғамның қозғаушы күші. Бұл өте күрделі және көпдеңгейлі жүйе.

Ақжар ауданының аумағында 30 мәдени нысан бар. Соның ішінде алты Мәдениет үйі, дәл сонша клуб, 18 ауылдық кітапхана жұмыс істейді. Қонақтарға ерекше мақтанышпен көрсететініміз – Смағұл Сәдуақасов атындағы өлкетану мұражайы. Өткен жылы облыстық бюджеттен аудандағы Мәдениет үйлері мен орталықтандырылған кітапхана жүйесінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жалпы сомасы 25 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірімізде мәдениет саласының дамуына айрықша көңіл бөлуде. Әсіресе, аудандардағы мәдениет нысандарының жағдайына назар аударып, тұрғындардың игілігі үшін оларды күрделі жөндеуден өткізуге басымдық беруде. 2019 жылы Восход ауылдық Мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуге 4 миллион теңге сомасына жобалық-сметалық құжат әзірленді. Үстіміздегі жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 79 миллион 775 мың теңге бөлініп, бас мердігер “Көкшетау Строй” ЖШС-і құрылысты бастап кетті. Ал “Еңбек” бағдарламасы бойынша Ақжарқын ауылдық Мәдениет үйінің ғимаратына 19 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Қызылтау ауылдық Мәдениет үйін күрделі жөндеуге, Ұялы, Горьковское ауылдарында клуб салуға жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Жергілікті бюджет есебінен 5 миллион теңгеге аудандық Мәдениет үйін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама және сараптама әзірлену үстінде.
Мәдениет – халықтың рухани діңгегі, бізді ерекшелеп тұратын төл құндылықтардың бірі. Бізде сол рухани діңгегінен ажырамаған дарынды ұл-қыздар баршылық. Талшық ауылында “Серпер” өнер мектебінде 213 бала тәлім алуда. Домбыра, қобыз, фортепиано, дәстүрлі ән, бейнелеу өнері, хореография үйірмелері жұмыс істейді. Байрақты байқауларда топ жарып, қоржындары бос қайтпайтын дарынды шәкірттердің жетістігі ауыз толтырып айтарлықтай.
Үстіміздегі жылы аудандық мәдениет нысандарында жүзден астам іс-шара ұйымдастырылды. Төтенше жағдайға байланысты бірқатары онлайн режімде өтті. Аудан тұрғындары кітап көрмелері, мұражай сабақтары, еске алу кештері, концерттік бағдарламалар мен салтанатты шараларға қатысты.
Тарихсыз мәдениет, мәдениетсіз ұлттық болмыс жоқ. Көне құндылықтарды жаңғырту – өркендеудің берік діңгегі болып саналады. Ақжар ауданында 73 мәдени-тарихи нысан бар. “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” картасына Байтайлақ батыр мен Зейнелғабиден әл-Жаухари бейіті енді. Биыл “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Байтайлақ батыр жерленген аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілмекші. Батырдың есімін ұлықтау мақсатында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, бейітке апаратын жолды жөндеп, там салып, Смағұл Сәдуақасов атындағы өлкетану мұражайында бұрыш ашу көзделген.
Ұлттық құндылықтарымыздың өрісін кеңейтуде ана тіліміздің алатын орны айрықша. Тіл – қарым-қатынас құралы ғана емес, рухани шабыт көзі. Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша жұмыстар біздің ауданда да жүйелі атқарылуда. Мемлекеттік тілді оқытатын үш топ құрылып, онда мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер білім алуда.
2020 жылғы ақпан айында өткен “Қазтест” сынағына біздің ауданнан қатысқан мемлекеттік қызметшілер жақты нәтиже көрсетіп, сертификатқа ие болды. Әр тоқсан сайын мемлекеттік мекемелердің кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізілетінін айтқан жөн. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша мемлекеттік тілде жүргізілген іс-қағаздардың үлесі 98 пайызды құрады. Ауданда ономастика саласында да оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда бір ауылдық округ, екі елді мекен және 52 көше атауын өзгерту туралы ұсыныс облыстық ономастика комиссиясына жолданды.
Әрбір тұрғын ауданымыздағы руханият саласындағы оң өзгерістерді сезінуі тиіс. Ол үшін алдымызда тұрған маңызды міндеттерді сапалы орындау керек. Бірлік пен береке, татулық пен тыныштық салтанат құрған елімізде бұдан да зор табыстарға қол жеткізетінімізге сенімдімін.

 

Бөгенбай ЖҰРЫНТАЕВ,
Ақжар ауданы әкімінің  әлеуметтік мәселелер жөніндегі  орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp