Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері екінші деңгейлі банктердің және жеке күзет фирмаларының өкілдерімен кездесті. Күн тәртібінде банк карталары мен есеп-шоттардан ақшалай қаражатты иемденуге байланысты қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды.
Кездесуді ашқан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров қазіргі интернет-алаяқтардың айла-тәсілдерінің ұдайы жаңарып отыратынын және қылмысқа тек күшті біріктіру арқылы ғана қарсы тұруға болатынын атап өтті. Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов облыста жиі кездесетін банк карталарынан ақша ұрлаумен байланысты қылмыстардың негізгі сценарийлері туралы баяндады. Осы тақырыптағы бейнероликтер көрсетіліп, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, арам ойын жүзеге асырған алаяқтардан зардап шеккен адамдардың полицияға хабарласқан кездегі қоңыраулардың аудио жазбалары ұсынылды.
Кездесуге қатысқандар алаяқтардың цифрлық ғасырдың жетістіктерін пайдалана отырып, үнемі криминалдық сызбаны жетілдіретіндігін және IT-мамандарды, бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, банк карталары мен есеп-шоттардан ақшаны иемденудің алдын алу мәселелерін кешенді шешу қажеттігін атап өтті. Терминалдардан алынатын чектерді қоқысқа тастауға болмайды. Себебі, чекте қаскөйлердің қызығушылығын тудыратын жеке ақпарат көрсетіледі.
Кездесу барысында күзетілетін нысандарда қылмыстың алдын алуда күзет ұйымдарының мүмкіндіктері сөз болды. Полиция департаменті күзет қызметін бақылау жөніндегі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Самал Қасенова айтқандай, облыс аумағында екінші деңгейлі банктердің 15 филиалы және “Қазпошта” АҚ пошта байланысының операторы жұмыс істейді. Пультке қосылған күзет қызметін 14 ұйым көрсетеді. Үстіміздегі жылдың өткен сегіз айында жеке құрамдардың күзетшілері полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, 39 қылмыстық фактінің ашылуына қатысып, күзетілетін нысандарда 35 тонау мен құқық бұзушылықтың жолын кесті.