Шал ақын ауданының белсенділері 7 мамыр – Отан қорғаушы күнін жалынды жігермен, ерекше белсенділікпен атап өтті. Аудандық жастар бастамалары орталығы қорғаныс істері жөніндегі және мәдениет пен спорт бөлімдері мамандарымен бірлесіп, өрендерді саламатты өмір салтын сақтауға шақыратын жарыс ұйымдастырды.
Сайыста он екі топ бақ сынасты. Әр топтың мүшелері газға қарсы қаптама киюден, 300-500 метр арақашықтыққа дейін жүгіруден, оқ-дәрі жинаудан сынға түсіп, өз жылдамдықтарын, алғырлықтарын танытты. Жарыстың қорытындысында Сергеевка қаласындағы Е. Шайкин атындағы №3 мектептің жүйріктері жүлделі үшінші орынға табан тіресе, екінші орынды Приишим орта мектебінің оқушылары жеңіп алды. Е. Букетов атындағы мектеп-гимназиясының мықтылары топ жарды. Жеңімпаз топ мүшелеріне “Қазақстанның болашағы үшін” студенттердің қоғамдық ұйымы бағалы сыйлықтар тапсырды.
Зарина ҚОЖАНОВА,
Шал ақын аудандық жастар бастамалары орталығының директоры.