Бүгіндері еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлінуде. Бұл ретте сыйақы мөлшерлемесі төмендетілген несие беру бағдарламалары, демеуқаржы сияқты түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, шағын шаруа қожалықтары бұл жеңілдіктер туралы біле бермейді, білгеннің өзінде көп жағдайда оны оңайлықпен ала алмайды.
Кәсіпкерлер палатасының Уәлиханов аудандық филиалы жергілікті кәсіпкерлердің сенімді және тұрақты серіктесіне айналған. Машина-трактор паркін жаңартуды жоспарлаған “Сәлімжан” шаруа қожалығының басшысы Сәбит Қожағұлов орталықтың көмегіне жүгініпті. Осы орайда филиал мамандары шаруаға “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы ауыл шаруашылығы техникасына лизинг алуға қажетті құжаттарды жинап беруге көмектесті. Жиналған құжаттар қаржы институтына жолданғаннан кейін Сәбит Қожағұловтың шаруашылығы жаңа “Беларусь” тракторымен толықты. Палатаның көмегі мұнымен біткен жоқ. Шаруаға лизингтің бір бөлігін төлеуге демеуқаржы берілді.
Бұл көмек түрі “Беркут” өндірістік ауыл шаруашылығы кооперативіне және “Елешкей” шаруа қожалығына да көрсетілді. Өз қаражатына машина-трактор паркін жаңартқан агроқұрылым басшылары аудандық филиал мамандарының көмегімен лизингтің бір бөлігін төлеуге жұмсалған 2 млн. теңге қаражатын қайтарып алды.
Уәлиханов аудандық филиалы мамандарының көмегіне жүгінген кәсіпкерлердің бірі – “Беков” шаруа қожалығының басшысы Азамат Беков. Ол “ҚазАгроҚаржы” акционерлік қоғамы арқылы 48 млн. теңгенің несиесін ресімдеп, “Vektor” маркалы комбайнға қол жеткізді.
– Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауын сезініп келемін. Жасалған келісім аясында мемлекет отандық агробизнес өкілдеріне сатып алатын техника құнының 25 пайызын субсидиялайды. Оған лизингті қосыңыз. Жаңа техникаға жұмсалған қаражаттың 12 млн. теңгесі қайтарылып берілді. Бұл қаржыны негізгі қарызды жабуға жұмсайтын боламын. Филиал мамандарына алғысым шексіз, – дейді Азамат Беков.
Жыл басынан бері Уәлиханов ауданында 11 шаруашылық 180,4 млн. теңгенің техникасын сатып алса, оның 45 млн. теңгесіне демеуқаржы берілді. Мұндай қолдауға басқа да субъектілер ие бола алады.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.