
Аяулы анаға, сүйікті жарға, қызғалдақтай құлпырған қыздарға деген тілек ешқашан бірауыз сөзбен, бір шумақ жырмен шектелмек емес. Оларға деген көңіл таза, ниет түзу, ілтипат ерекше.
– Отан да, отбасы да, тәрбие де, таным да ананың ақ жаулығынан басталады. Әйел – отбасының ұйытқысы, қоғамның тірегі. “Тәуелсіз еліміздің керегесін нығайтып, шаңырағын биікке көтеруші – аналар!” деген болатын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қай кезде де әйелдер қауымы ер адамдармен бірге еңбекте де, білімде де, спортта да қатар жүріп келеді, – деді Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында өткен Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шарада облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Шынында да, гендерлік саясатты басым бағыттардың біріне айналдырған елімізде нәзік жандар мемлекеттік және саяси қызметте де, сондай-ақ, бизнес саласында да қажырлы еңбек етіп, биік белестерді бағындырып жүр. Десек те, қызметті жалынан тартқан әйелдердің қасында бесікті тербеткен аналардың мәртебесі әрқашан биік.
Осы орайда салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен алты, жеті және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға “Алтын алқа” және “Күміс алқа” алқалары табыс етілді.
“Алтын алқа” тағынған Мағжан Жұмабаев ауданынан Алма Бекенова, Есіл ауданынан Бақшагүл Жаныбекова, Айыртау ауданынан Айшагүл Нажмадинова – бүгінгі күннің батыр аналары. Ал алты бала туып, мәпелеп өсірген жеті әйел “Күміс алқа” алқаларын мойнына тақты. “Мақтанышым – балам” деген осы болар.
– Жұбайым екеуіміздің шаңырақ көтергенімізге биыл – 20 жыл. Отбасымыз үшін мерейлі жылда осындай құрметке ие болғаныма қуаныштымын. Бүгінде үлкен балам колледжде білім алып жүрсе, егіз кенжем – бір жарым жаста. Бес ұл, екі қызым бар, – дейді Бақшагүл Жаныбекова.
Жарық дүниенің қадірін, махаббаттың шынайылығын, мейір-шапағаттың тереңін сезіндірген әйелдер қауымына көрсетілген құрмет мұнымен шектелмеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына зор үлес қосқандарға облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табыс етілді. Бірінен соң бірі сахна төріне көтеріліп, құрметке бөленген нәзік жандардың жүзі күн нұрындай шуақты еді.
Өмірдің бұла күші, көңілдің қуанышы, сезімімнің жыр ағысы болған әйелдер ардақталған салтанатты шара
“Арманыңды ақтарамын ба, жүрегімде тербесем?
Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.
Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,
Сендік қуат мың есе артық
Жердің тарту күшінен”, –
деген Төлеген Айбергеновтің өлеңін арқау еткен концерттік бағдарламаға ұласты.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.