Облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернат өзінің 20 жылдығын атап өтті. Осы жылдар ішінде спорт мектебі 800-ден астам оқушының қанатын қатайтты. Ұжымды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин құттықтады.
– Бүгінгі күні мұнда 145 адам еңбек етіп, 280 оқушы 13 спорт түрінен жаттығады. Олардың арасында түрлі деңгейлердегі спорттық жарыстарда облысымыздың намысын лайықты қорғап жүрген чемпиондар мен жүлдегерлер бар, – деген Руслан Есеналин бірнеше адамды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
– Алғашқы жылдары біраз қиыншылықтар болды. Оның аяғынан тік тұрып кетуіне Г.Бубнов, Қ. Жақыпов, Б.Жамалиев, тағы басқа көптеген демеушілер қол ұшын берді. Мұғалімдер де жұмыстан тыс уақытта сенбіліктерге келіп, ғимаратты жөндеу жұмыстарына білек сыбана кірісті, – деп еске алды спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың алғашқы директоры Жамбыл Тасеменов.
Білім ордасында қазір барлық жағдай жасалған, бірнеше жаттығу залдары бар спорттық-сауықтыру кешені қызмет көрсетеді. Оқушыларды 30 жетекші оқытушы жаттықтырады. Балалардың қандай спорт түрімен шұғылданатынына байланысты құнарлылығы үйлесімді тағамдар беріледі. Мекеменің бүгінгі басшысы Смағұл Аманов Ақан Баймағанбетов, Роман Креч, Дмитрий Бабенко, Наталья Рыпакова, Маргарита Мұқашева, Евгений Богданов, Алексей Луценко, Татьяна Сакирко, Дмитрий Обатуров, Елена Урванцева, Ренат Нигматуллин, тағы басқа спорт саңлақтары білім мекемесінің мақтанышына айналғанын айтты.
Шара барысында қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары ән мен жырдан шашу шашса, ал мектеп спортшылары жиналғандарды өз өнерлеріне тәнті етті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.