Ақжар ауданында мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеті ашылды. Бұл жағымды жаңалықты жергілікті тұрғындар көптен күткен еді.
Өткізу бекетін ашуға арнайы барған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қазақстандықтар мен ресейліктердің арасындағы татулық пен туыстық қарым-қатынас тарихи қалыптасқан жағдай екенін, ал бүгінгідей жеңілдетілген тәртіп жергілікті тұрғындардың көрші елдегі туыс-туғандарына кедергісіз баруына жағдай жасап отырғандығын атап өтті.
Шекарашылардың айтуынша, осы бекет арқылы Қазақстаннан Ресейге күніне 60-қа жуық адам барып-келеді екен. Осы орайда ақжарлықтардың облыс басшылығы мен шекара қызметіне айтар алғысы шексіз.
– Ақжар және Полтавский аудандары тұрғындарының арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Осы күнге дейін шекарадан өтерде белгілі бір қиындықтарға тап болатынбыз. Жеңілдетілген өткізу бекетінің ашылуы біз үшін аса маңызды, – дейді Новосельское ауылының тұрғыны Надежда Калюк.
Салтанатты шарада Қазақстан Республикасы ҰҚК шекара қызметі директорының орынбасары Мұхтар Сабидолданов облыс әкімі Ерік Сұлтановқа еліміздің шекарасын нығайтуға қосқан үлесі, шекара қызметінің құрамалары мен бөлімдерінің қызметтік-әскери жұмысына белсенді көмек көрсеткені үшін “Шекараны үздік күзеткені үшін” медалін табыстады.
Аталмыш өткізу бекетінің ашылуы 2006 жылы қос ел Үкіметтерінің Ресей-Қазақстан шекарасынан көршілес өңірлердің тұрғындарын жеңілдетіп өткізу жөніндегі келісімінің арқасында мүмкін болды. Солтүстік Қазақстан облысы аумағында барлығы 27 шекарадан өткізу орны бар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.