«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шекарадағы бірлескен іс-қимыл

Шекаралас жатқан Қазақстан мен Ресейдің билік органдары, азаматтық қорғаныс қызметтері төтенше оқиғалардан қорғанудың бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіткен. Жақында соның бір шарасы Мамлютка қаласының маңында ұйымдастырылды. Біріккен оқу-жаттығу шарасына Ресейдің Түмен және Қорған облыстарының өртсөндірушілері шақырылды. Мамлют орман шаруашылығы, ауданның азаматтық қорғаныс қызметкерлері, жедел медициналық көмек бөлімшесі, облыстық өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің құтқарушылары ресейлік әріптестерін қарсы алды.

Сценарий бойынша абайсыздан от тұтанып, орман, егіс және жақын маңдағы ауылға өрт қаупі төнеді. Қызыл жалынмен “шайқасқа” кіріскен өртсөндірушілер топтарға бөлініп, апатты әрі қарай өршітпеудің әрекетіне кірісті. Өртті ауыздықтауға қорғандық және түмендік әріптестер де иық тірестіре қатысты.

Шартты түрде ауыл шаруашылығы құрылымдарының егіс алқабына қауіп төніп, Ресей Федерациясымен шекарада тұрған Пригородное ауылына қарай өрт өршіп барады. Құтқарушылардың бір бөлігі орманға беттеген өртті сөндіріп жатса, енді бірі ауыл тұрғындарын көшіруге, отқа оранған нысандарды сөндіруге кіріскен. Оқу-жаттығу барысында жедел көмек бригадасы зардап шеккен адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Ауыр жарақат алған адам шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаға жөнелтілді. Бірлескен іс-қимылдың арқасында өрт ошағы өшіріліп, орманды алқапқа, егіс даласына және ауылға төнген қауіпке тосқауыл қойылды.

Шараның соңында Ресей Федерациясының төтенше жағдайлар министрлігінен келген өкілдер екі елдің өртсөндірушілерінің бірлескен әрекеттеріне оң баға берді. Оқу-жаттығу шарасына қатысушылар оқиға барысына қарай шұғыл шешім қабылдап, ширақ қимыл танытты.

– Өрт – тілсіз жау. Нақты төтенше оқиға орын алған кезде ойланып жататын уақыт болмайды. Сондықтан жауынгерлердің кәсіби даярлығы маңызды. Оқу-жаттығу кезінде өртсөндірушілер бір-бірімен тәжірибе алмасып, кәсіби біліктіліктерін шыңдай түседі. Өңіріміз Ресеймен көрші жатқандықтан, қоршаған орта қауіпсіздігінде ортақ мәселе көп. Соның ішінде орман өрті екі жақтан да қырағылықты талап етеді. Бүгінгі оқу-жаттығу шарасы шекаралас аумақтардың төтенше жағдайлар кезінде бірлесіп күресуге мүмкіндігі зор екендігін дәлелдейді, – деді Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Рамиль Камалов.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен Ресей Федерациясы төтенше жағдайлар министрлігінің Түмен облысы бойынша басқармасының басшылары “Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу, салдарын жою және шара қабылдау бойынша көмек көрсету үшін Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасының шекарасынан өтуді жеңілдету туралы” меморандумға қол қойды.

Кездесудің салтанатты бөлімінде отыз тоғыз мейман “Азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен, “Қазақстан полициясына – 25 жыл” мерейтойлық медалімен, облыс әкімінің, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының, Мамлют ауданы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Қорған және Түмен облыстарының ведомстволық мекемелерінің өкілдері қазақстандық жиырма бір қызметкерге “25 лет МЧС Российской Федерации”, “Генерал армии Чуйков” медальдарын және Алғыс хат табыс етті.

Болатжан АСҚАРБЕКОВ,

облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі

департаменттің бөлім бастығы, азаматтық

қорғаныс майоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp