2020 жылғы 11 қаңтардан бастап “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді.
Осы заңға мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді:
– барлық шетелдіктер 30 тәулікке дейін тіркеуден босатылады;
– 30 тәуліктен көп мерзімге келген шетелдіктер (жұмысқа, оқуға, емделуге, сондай-ақ, отбасын біріктіру мақсатында және тұрақты тұруға келгендер) уақытша тұруға арналған рұқсатты ресімдеуге міндетті.
Оны алу үшін шетелдіктерге көші-қон қызметі бөліміне жүгіну қажет емес, ресімдеу үшін жауапкершілік оларды қабылдайтын Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына жүктеледі.
Шетелдіктердің келгені үшін барлық жауапкершілік шетелдікті қабылдаушы және шақырушы тарапқа жүктеледі, ол міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша немесе шетелдік келген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде визалық көші-қон порталы арқылы көші-қон қызметінде хабарламаны ресімдейді. Визалық көші-қон порталы арқылы ресімдеу үшін электронды-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.
Уақытша тұруға арналған рұқсатты ресімдеу үшін қажетті құжаттардың тізімі:
– уақытша тұруға рұқсат алуға өтініш;
– визасыз жүру туралы келісім ратификацияланған шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаты;
– еңбек қызметін жүзеге асыру үшін өкілетті органның берген рұқсаты немесе шетелдіктің өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілік сәйкестігі туралы анықтама, жеке тұлғаларда еңбек қызметін жүзеге асыруға көші-қон қызметімен берілген рұқсаты қосымша ұсынылады, ЕАЭО елдерінің азаматтары еңбек және азаматтық-құқықтық шартты ұсынады;
– отбасын біріктіру мақсатында Қазақстан Республикасына келгендердің шақырушы адаммен отбасылық қатынастарын растайтын (түпнұсқасымен салыстырылған) құжаттардың көшірмелері қосымша ұсынылады. Елімізге отбасын біріктіру мақсатында келгендерді шақырушы адамның отбасы мүшелері:
– кәмелеттік жасқа толған, Қазақстан Республикасы заңнамасына сай некеде кемінде үш жыл тұрған жұбайы;
– он сегіз жасқа толмаған, некеде тұрмайтын және шақырушы адамның асырауында және/немесе қамқорлығында, оның ішінде асырап алған балалары;
– он сегіз жастан асқан, некеде тұрмайтын, денсаулық жағдайына байланысты өзін-өзі қорғауға қабілетсіз, оның ішінде асырап алған балалары;
– еңбекке жарамсыз ата-аналары;
– Қазақстан Республикасының және/немесе шет мемлекеттің мемлекеттік органдары ұсынған отбасының өзге де мүшелері.
– Қазақстан Республикасы облыстарының (республикалық маңызы бар қаланың, елорданың) жергілікті атқарушы органдарына бизнес істеу мақсатымен келушілер де келушілер өтінішхат береді.
Ал білім алу мақсатымен келгендер білім алу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының оқу орнының немесе еліміздің уәкілетті органының қолдаухатын ұсынады.
– айрықша жағдайларда (әлеуметтік, табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде және табиғи зілзаланың немесе ірі ауқымды аварияның (апаттың) нақты қаупіне байланысты төтенше жағдай енгізілген кезде сондай-ақ, көліктің жұмыс кестесі бұзылған кезде) осы жағдайды растайтын құжат қосымша ұсынылады.
Егер Қазақстан Республикасының тиісті тараппен жасаған келісімінде өзгеше тәртіп белгіленбесе немесе еліміздің Үкіметі өзгеше тәртіп белгілемесе, Қазақстан Республикасына виза алуды талап етпейтін тәртіппен келген шетелдіктің елімізде уақытша болу мерзімі Қазақстан Республикасының шекарасын кесіп өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімі уақытша тұруға арналған рұқсат алған жағдайда ұзартылады.