«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕШІМІН КҮТКЕН МӘСЕЛЕ АЗ ЕМЕС

Өңірімізде барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері басталды. Қаңтардың төртінде басталған есеп беру науқаны Қызылжар ауданының жиырма шақты ауылын қамтып үлгерді. Вагулино, Асаново, Березовка, Куйбышев, Прибрежный, Налобино, Петерфельд, Қызылжар, Рощинск және Якорь ауылдық округтерінің әкімдері тұрғындарды өткен жылы атқарылған жұмыстар жөнінен хабардар етіп, алдағы уақытқа белгіленген жоспарларымен бөлісті. Бұл жиындарға округ әкімдерімен қатар аудандық бөлімдердің басшылары қатысып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Тұрғындарды негізінен ауылішілік және ауыларалық жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру, елді мекендерге ауызсу тарту мәселелері толғандырып отыр. Мәселен, Шаховское ауылы облыс орталығына жақын орналасқан елді мекендердің бірі болса да, тұрғындар үшін көлікпен қатынау бейнетке айналды. Сондай-ақ, кейбір елді мекендерде кең жолақты интернет мәселесі түпкілікті шешілмеген. Алысқа бармай-ақ, Бескөл ауылының өзін алсақ та, үйлеріне су тартылып, жолдың төселуін, интернеттің қосылуын тосып жүрген отбасылар аз емес. Жергілікті әкім бұл міндеттердің жоспарға сай біртіндеп орындалатынын айтты.

Тұрғындар тарапынан қырыққа жуық сауал мен өтініш келіп түсті. Олар билік өкілдерінің бақылауына алынып, іс-шаралар жоспарына енгізіледі.

Осындай есепті кездесулердің бірі Мағжан Жұмабаев ауданының Қарақоға ауылдық округіне қарасты Чистое елді мекенінде де өтті. Өткен жылы округ әкімдігіне тұрғындардан сегіз өтініш келіп түскен екен. Жұртшылықтың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылып, жеке кәсіпкерлікке қолдау білдіру шаралары жүргізілген. Соның арқасында ауылда мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар көбейген. Округ әкімі Анна Жорова алдарында тұрған негізгі міндет ауылдарға кіреберіс жолды ретке келтіру екенін айтты. Үстіміздегі жылы Чистое және Образец ауылдарының жолдарын жөндеу үшін 24 млн. теңге бөлінбекші.

Зәуреш АСЫЛБЕКОВА, “Soltústіk Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp