Облыстық кардиологиялық орталығы жаңа заманауи құрылғымен толықты. Облыс әкімінің қолдауымен жергілікті бюджеттің қаржысына алынған германиялық “MultiFiltrate” аппаратының құны – 16 миллион теңге. Бұл құрылғы қанды тазартады, сонымен қатар, адам ағзасында жиналған құм мен улы заттарды шығарады. Осы аппаратты алғалы бері 9 айдың ішінде бірнеше адамға көмек көрсетіліп, денсаулықтары жақсарды. Кепілдендірілген көлемде тегін медициналық көмек көрсету бағдарламасы бойынша Қостанай, Астана қалаларынан және Ақмола облысынан емделушілер ем алып қайтты. Мұның барлығына білікті мамандар мен соңғы үлгідегі заманауи құрылғылардың нәтижесінде қол жеткізілді. Құрылғы ақхалатты абзал жандардың жұмысын жеңілдетуде. Мұрат Қасымов осы аппараттың тілін тауып, жақсы меңгеріп алған дәрігердің бірі. Мұрат Қыдырұлы Ақжар ауданындағы Май ауылында туып-өскен. Астана қаласындағы Қазақ мемлекеттік академияның емдеу ісі факультетін 2013 жылы аяқтап, бір жыл интернатурадан өткен. 2014 жылдан бастап осы ауруханада анестезиолог-реаниматолог болып қызмет атқарады. Ол Новосібір қаласының Мешалкин атындағы ғылыми-зерттеу институтында және Астана қаласындағы ұлттық ғылыми медициналық орталықта біліктілігін көтеру курстарынан өткен.
(Өз тілшіміз).