Мен қазір Ішкі әскер қатарында азаматтық борышымды өтеп, еліміздің тыныштығын күзетіп жүрмін. Әскерге келген күннен бастап ата-анама, туған-туыстарыма, ал ең бастысы, Отаныма деген сүйіспеншілік сезімім үдей түсті.
Нұрсұлтан ӘБДІРАХМАНОВ,
Тайынша ауданы,
Зеленый Гай ауылынан
шақырылған қатардағы жауынгер.
Домалақ Жер-Ананың төсінен орын тепкен менің Қазақстаным – дүниедегі ең асыл жер! Мен өзімнің туған жеріме, туған еліме деген сағынышымды сөзбен айтып тауыса алмаспын. Мені әлдилеп, түн ұйқысын төрт бөліп, “мазамды алды ғой” деп қыңқ етпеген анама деген іңкәр сағыныш, махаббатым қандай болса, Отаныма деген сүйіспеншілігім де дәл сондай.
Кейбір сәтте санамды терең ойлар баурап алады. Алып Сарыарқаның төсін мекендеген қазақ жері небір қиямет пен қиындықты бастан кешпеді? Шеттен келген жауға атойлап шауып, ата-анасы мен балашағасын қорғап, қаншама ерлер мерт болды? Қаншама боздақ көмілмей, қарға мен құзғынның жемі болды? Бір жағынан, ел іргесін жаудан азат етіп, бар өмірін ат үстінде өткізген ерлер нағыз бақытты ғой деп те ойлаймын. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Орда бұзар Олжабай, Шақшақұлы Жәнібек, Баян батыр, Райымбек батыр, Барақ батыр, тағы басқа көптеген қазақ ұлтының тарихында аттары алтын әріппен жазылатын алып тұлғалар өздерінің бас қамдары үшін емес, ел қамы – “қара қазан, сары бала қамы” үшін жан беріп, жан алысты. Осы бабаларымның ерлігін оқығанда немесе естігенде, бойымды керемет бір рух билейді. “Мен де осы батыр бабаларым тәрізді өзіме қарсы ұмтылған найзаның ұңғысы мен ысылдаған жебеден сескенбей, жауға тура шаба алар ма едім?”, – деп кейде қалың ойдың жетегіне еремін. Содан қайтадан қайраттанып: “Жоқ! Жаумен арпалысып, Отан – Ана үшін шейіт болсам, мен бақыттымын!” – деп өзімді қайрай түсемін. Ұл болып дүние есігін ашқаннан соң, мен де елімді қорғай алатын ер жігітпін! Ата-анамның үмітін ақтап, Отан алдындағы азаматтық борышымды өтеуім керек. Аға-әпкелеріме, іні-қарындастарыма қорғаныш болатын кезім жетті. Әрине, ата-анам мені өздерінің қастарынан ұзатып жібергісі де келмейтін шығар. Қай ата-анаға оңай дейсіз, көкірегін жарып шыққан балапаны алыс қияға қанат қағып ұшып кетсе? Дегенмен, кез келген ата-ана өз ұлдарынан нағыз ер жігітке тән қасиетті күтетін болар? Бірақ барлығы мұны жария етіп айтпайды. Өйткені, ұлдарының амандығы – олар үшін басты байлық.
Мен қазіргі кезде нағыз ер жігіттердің сынағы саналатын әскери ортада жүрмін. Бала кезімдегі басты арманым орындалды: мен – Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерінің сарбазымын! Кеудемді сол үшін мақтаныш сезімі билейді. Ертеден жалғасқан ұрпақтар сабақтастығын үзген жоқпын. Менің бабам қазақ жерін қорғаған, атам Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, әкем кеңес заманында азаматтық парызын өтеген, ал мен Тәуелсіз Қазақстанның сарбазымын! Кейбір замандастарым тәрізді “ауырдың үсті, жеңілдің астын” қалаған жоқпын, бір сөзбен айтқанда, азаматтық борышымды өтеуді өзімнің саналы ғұмырымның алғашқы баспалдағы санадым.
Мен бүгін өз қатарластарыма, артымнан ерген інілеріме арнап ақылымды айтқым келеді.
Құрметті достарым, ардақты інілерім! Әскер қатарында бір жыл қызмет етіп, ер жігіттің мойнына артылған жүкті өтеу – барлықтарыңның міндеттерің! Ол үшін әскерге барамын ба, жоқ па деп бас қатырудың қажеті жоқ. Мен қазір Өскемен қаласындағы Ішкі әскердің әскери бөлімінде азаматтық борышымды өтеп жүрмін. Біздің ротаның басты міндеті – қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті қадағалау. Әскерде көптеген достар таптым. Өзімнің қарулас достарыммен бірге қоғамдық тәртіпті бұзған талай құқық бұзушыларды құрықтадым. Сол үшін бірнеше рет рота және бөлім командирінің бұйрығымен марапатталып, Құрмет грамотасына ие болдым, алғыс алдым. Нағыз ер жігіттердің ортасында шыңдалып, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Мен сол үшін ротадағы барлық офицерлер мен сержанттарға алғысымды айтқым келеді. Әскерде тәртіп пен ұқыптылықты үйрендім, адамның адам болып қалыптасып, құрыштай мықты болуына әскердің тигізер көмегі өте зор екенін білдім. Сол үшін рахмет! “Ішкі әскер – нағыз ерлер үшін!” – дегім келеді.