«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫМЫЛДЫҒЫ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫММЕН ЖАБЫЛДЫ

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жаңа қойылымның тұсаукесері өтті. Театр ұжымы қызылжарлық көрермендерге А.Островскийдің 190 жылдығына арнап, оның “На всякого мудреца довольно простоты” пьесасын қойды. Бұл қойылыммен театр өзінің 127-інші маусымын жапты. 

Қойылымның режиссері – Тимур Кәрімжанов. Қоюшы-суретшісі – Николай Колякин. Басты рөлдерді Роман Лахтин, Людмила Турпаян, Алексей Никулин, Ирина Пашкина, Анатолий Наргеленас сомдады.

Спектакльге II Александр патшаның тұсындағы оқиғалар желі болған. Бұл кезеңде дворяндардың дәурені өтіп, қоғамда “іскер адамдар” деген түсінік пайда бола бастады. Басты кейіпкер Егор Глумов өзінің бай, лауазымды көрінгісі келетін туыстарын пайдаланып, қызметке орналаспақ болады. Орналасып қана қоймай, олардың мінез-құлықтарын зерттеп, күнделік жүргізуді қалайды. Сол арқылы адамның көлеңкелі тұстарын, қоғамда орын алған жалғандық, ашкөздік пен жасандылықты әшкерелеуге ұмтылады.

Қойылымда ерекше көзге түсетін бұйымдар – оның декорациялары мен сахналық костюмдері.Әсіресе, пьесадағы әрбір кейіпкердің мінез-құлқы мен оқиғаның мәнін ашатын декорациялардың орналасуы қызғылықты. Островскийдің шығармашылығымен таныс емес көрерменге қойылымның сюжетін бірден түсіну қиын. Бәлкім, осы тұста спектакльдің авторларына пьесаның оқиғасын қазіргі заманға лайықтап сахналаған тиімдірек болар ма еді деген ой туады. Бұл өзгеріс пьесаға жаңа леп беріп қана қоймай, көрерменнің қызығушылығын оятар еді.  

Республикадағы репертуары классикалық туындыларға бай театрда А.Островскийдің ғана 10-ға жуық пьесасы сахналанған. Жақында ғана театр көрермендері осы драматургтің “Найзағай” атты қойылымын театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Тимур Кәрімжановтың сахналауында тамашалаған болатын. Бір тақырыпқа қайта-қайта оралудың қажеті бар ма деген де сауал жоқ емес.

Осы маусымда театр өнерсүйер қауымға 4 жаңа қойылым ұсынған екен. Оның екеуі А.Островскийдің шығармашылығына арналған. Театрдың келер жылғы премьераларының ішінде қазақ драматургтерінің де пьесаларын тамашаласақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp