«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘМШІНІҢ ШӘРБАТ ӘНДЕРІ

Қазақ даласының үні, кеңдігі, сұлулығы, ға­шық жүректің дүрсілі, шалқыған жастықтың сыры – осының бәрі Шәмші әндерінде шебер өрнектеліп, сазбен суреттелген. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы ұлтымыздың музыкасын, сахнасын, мәдени өмірін Шәмші әндерінсіз елесте­ту мүмкін емес. Сыршыл сазгердің туындылары қазір де талай жүректі тербеп, тыңдарманды тәнті етіп келеді. Қазақ вальсі королінің 95 жыл­дық мерейтойына орай өнерсүйер ағайын даңқты композитордың есімін тағы бір жаңғыртып, ән кешінде бас қосты.

Облыстық халық шығарма­шылығы және мәдени-бос уа­қыт орталығының ұйымдасты­руымен өткен «Менің Қазақстаным» ән байқауына облыс орталығы мен аудандардан 17 талапкер қатысты. Олар байқау шарты бойынша Шәмші Қал­даяқовтың және жергілікті ақын, сазгерлердің туындыла­рын орындады. Өнерпаздар­дың орындаушылық шеберлігі­не Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері Қайырлы Ғафуров, өнер колледжі ән бөлімінің оқытушысы Мұрат Ыбыраев, М.Қозыбаев атындағы Сол­түстік Қазақстан университеті музыка пәндері кафедрасының меңгерушісі Жанар Мұқатаева баға берді.

«Байқаудың мақсаты – Шәмші Қалдаяқов мұрасын насихаттау, жергілікті ақын, сазгерлердің туындыларын дәріптеу, жергілікті орындау­шылардың репертуарын байы­ту. Біз әншілердің орындаушы­лық шеберлігіне, сахна мәде­ниетіне мән бердік. Мұндай шаралар қала, аудандарда жүрген дарынды өнерпаздарды ха­лыққа танытады, шеберлігін шыңдап, тәжірибесін байыта­ды», – деді қазылар алқасы­ның төрағасы Қайырлы Ғафу­ров.

Байқауда композитордың әйгілі «Сыған серенадасы», «Отырардағы той», «Өмір-өзен», «Қайықта», «Арыс жаға­сында», «Теріскей», «Тамды аруы», «Дүнген қызы» әндері шырқалды. Бұған қоса байқау талабына сай жергілікті автор­лардың туындылары да қазылар сынына салынды. Еркебұ­лан Ерсайынов ауылына арна­ған авторлық әнін тарту етсе, Берікбол Дүйсенбай дәстүрлі әнге келгенде есе жібер­мейтінін көрсетті. Жамбыл ауданынан келген «Серілер», Уә­лиханов ауданының намысын қорғаған «Самғау» триолары да сахнаның сәнін кіргізді. Қазақ әнін нақышына келтіріп шыр­қаған Ольга Векерлер мен Ка­рина Маркеловаға халықтың ықыласы ерекше болды.

Сайыс қорытындысы бо­йынша үшінші орынды облыс орталығының намысын қорға­ған Жарқын Ыбраев еншіледі. «Самғау» триосы екінші орын­ды иеленсе, Есіл ауданының атынан қатысқан Еркежан Мұ­ратхан бірінші орын алды. Бас жүлденің 150 мың теңгелік сыйлығы айыртаулық Еркін Нұрбахтиновқа бұйырды.

Диас АЯҒАН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp