
2005 жылдан бері “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” мен “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамы, кәсіпкерлікті қалаған кембағал жандарды қолдау мақсатында “Құс жолы” қайырымдылық қорының “Жұлдыздарға қара” атты жобасын ұйымдастырып келеді. “Казкоммерцбанк” акционерлік қоғамы жобаға биыл 14,4 миллион теңге бағыттап, ол қайтарымсыз қаржы республика бойынша үздік шыққан 48 кәсіпкердің бизнесін қолдауға жұмсалды. Аталмыш байқауға солтүстікқазақстандық 11 кәсіпкер өтініш түсірсе, соның үшеуінің жолы болды. Олардың әрқайсысына 300 мың теңгенің бизнеске қажетті құрал-жабдықтары сатып әперілді.
Үш жеңімпаздың бірі – Марлан Сарымсақов 2009 жылдан бері массаж жасау қызметімен айналысып келеді. Петропавл қаласындағы №2 аурухананың бір кабинетін жалға алып, табыс тауып отырған зағип жан ісін одан әрі кеңейтпек. Ендігі көздегені – шақырту бойынша қызмет көрсету. Кәсіпкердің осы мақсатының орындалуы үшін оған жиналмалы кереует пен ноутбук табыс етілді. Ал компьютерлік техникаға бала күннен құмар Ақжан Кәрім шағын баспахана ашуға қызығушылық танытып, грант сұраған. Оның да тілегі орындалып, полиграфиялық құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Үшінші жеңімпаз – Ерұлан Мақышов. 2-ші топтағы мүгедек шағын тігін шеберханасын ашып, оны отбасының табыс көзіне айналдырған. Кәсіпкерлікті кеңейту ойы бар Ерұланға қайтарымсыз қаржы есебінен тігін машинкасы сатып әперілді.
Жеңімпаздарды құттықтаған “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның облыстық филиалының директоры Мереке Сыздықов грантқа қол жеткізгендердің әрі қарай шыңдала түсіп, бұдан да ауқымды жобаларды жүзеге асыратындарына сенім білдірді.
“Казкоммерцбанк” АҚ-ның солтүстікқазақстандық филиалы директорының орынбасары Жәнібек Тұрсынбаевтың айтуынша, былтыр қайырымдылық қоры әр қатысушыға 100 мың теңге мөлшерінде қаржы бөлсе, биыл оны үш есеге көбейткен. Аталмыш банк – осындай қайырымдылық жобасын жүзеге асырып отырған жалғыз қаржы орталығы.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.