«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЫРЫСЫ МОЛ, ТАБЫСЫ ЗОР

Қазіргі уақытта Жамбыл ауданындағы агроқұрылымда шөп шабу жұмысы қызу жүріп жатыр. Бұл іске білек сыбана кіріскендердің бірі – “Ақан” шаруа қожалығы.

Кладбинка ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып отырған шаруа қожалығы осыдан 23 жыл бұрын құрылған. Егістік алқабы 1,3 мың гектарды құрайды. Шаруашылық басшысы Төлеген Жүсіповтің айтуынша, биыл 467 гектарға бидай, 350 гектарға зығыр, ал 97 гектарға арпа егіпті.

– Биыл 1600 пішендеме орамасын дайындауды жоспарлап отырмыз. Бір ораманың орташа салмағы – 300 килограмм. Алты метрлік дестелегіш тіркелген трактормен пішендемені өзім шауып жүрмін. Ал ұлдарым Сабыржан мен Ақан шабылған шөпті жинап, оны қоймаға тасымалдайды. Ал немерем Аязхан бізге қажетті құрал саймандар мен тамақ жеткізумен айналысады, – дейді Төлеген Сапарұлы.

Агроқұрылым 180 бас ірі қара ұстайды. Оның 75-і сауын сиыр. Төлдерді асылдандыру мақсатында кәсіпкер “Әулиекөл” тұқымды үш бұқа сатып алған. Сауыншылар Наталья Данилова мен Татьяна Ковалева вакумдық аппараттың көмегімен күніне 600 литр сүт сауады. Ол кейін “Маслодел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне литрі 100 теңгеден өткізіледі. Осылайша, күн сайын 60 мың теңге пайда түседі. “Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” демекші, шаруашылықта жүз шақты қой бар.

Шаруа қожалығы ақырындап техника паркін де жаңартуда. Көктемгі егіс және күзгі орақ науқаны қолданыстағы “К-700”, “МТЗ-82” және “МТЗ-80”, “Vektor” комбайнының көмегімен атқарылады. Бұдан бөлек жемазық дайындауға да жұмылдырылуда. Шаруа қожалығы биылғы жылы екі тырма сатып алған. Астықты қабылдап өңдейтін және сақтайтын екі қойманы да дайындап қойыпты.

Шаруа қожалығының басшысы алдағы уақытта егістік алқабынан бітік өнім алу үшін минералды тыңайтқышты көп қолданып, астық сұрыптарын ауыстыруды жоспарлап отыр.

Игілік РАХМЕТОВ.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp