«Qyzylzhar» креатив орталығында облыстық ардагерлер кеңесінің «Шын жүректен» атты әлеуметтік-мәдени жобасы шеңберінде өңірге танымал еңбек ардагерлерімен кездесу өтті.
«Адам еңбегімен абыройлы» атты шараға түрлі деңгейдегі әкімдіктер мен мәслихаттардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіптік техникалық білім ошақтарының оқушылары қатысты. Жиында сөз сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов бұл шараның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануына байланысты ерекше маңызды болып отырғанын атап өтті.
Сахна төріне Тайынша, Мағжан Жұмабаев, Ақжар, Тимирязев, Қызылжар, Есіл аудандарының еңбек ардагерлері шығарылып, оларға игі тілектер арналып, сый-сияпат көрсетілді. Ескендір Есмақұлы оларға облыстық ардагерлер кеңесінің «Құрметті ардагер» төсбелгісін табыс етті.
Мереке қонақтары облыстық Ақан сері атындағы филармония өнерпаздарының концертін тамашалап, риза болып тарқасты.
Марат ЕРМҰҚАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.