«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭКОНОМИКАНЫҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ

 

Мемлекет тарапынан машина жасау кәсіпорындарын тапсырыспен қамтамасыз етіп, отандық өнімдерді қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл салаға инвесторлардың да қызығушылығы артуда. Жергілікті кәсіпорындар шығарған өнімдер шетелдік нарықта сұранысқа ие. 

Бүгінгі таңда Қызылжар өңірінде елуге жуық машина жасау кәсіпорны бар. Саланың даму қарқынын тілге тиек еткенде “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”, “Мұнаймаш”, “ЗИКСТО”, “ПетроМаш”, “С.М.Киров атындағы зауыт” сияқты ірі өндіріс ошақтарын атап айтуға болады. “Көпбейінді жабдықтар зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де бұл салаға қосып отырған өзіндік үлесі зор.

Петропавл қаласындағы “Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШСі 1999 жылы құрылған болатын. Кәсіпорын жүзден астам өнім түрін шығарады. Әсіресе, мұнайгаз, энергетика салаларынан көп тапсырыстар түседі. Сондайақ, әртүрлі металл бұйымдары мен оларға қажетті қосалқы бөлшектер де осы зауытта жобаланып, дайындалады. Зауыт жыл өткен сайын шығарылатын өнімдердің аясын кеңейтіп, сапасын арттыруда. Заманауи құралсаймандар, өндіріс циклін толық қамтамасыз ететін конструкторлық-технологиялық бөлім, металл құрылымын жақсартатын термиялық өңдеу цехы, таспалы-тілу станоктарымен жарақтанған дайындау учаскесі бар. Зауыт ұжымы үшін кез келген тапсырысты уақытында әрі сапалы орындау – басты талап. Өйткені, зауыттың қалыптасқан конструкторлық бюросы мен білікті мамандары заманауи станоктарда күрделі бөлшектерді жасауға қабілетті.
Біз 2006 жылы елімізде геологиялық барлау және бұрғылау жұмыстарын жүргізетін “Волков-Геология” АҚ-мен әріптестік байланыс орнатқан болатынбыз. Тың саланы меңгеріп, бұл жұмыстарға қажетті құрал-жабдықтар өндірісін шығаруды қолға алдық. Осылайша, шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі бағдарламаларға конкурстық негізде қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Нәтижесінде кәсіпорын шығаратын өнім көлемі 5 есе артып, тауар түрлері көбейді.
Жалпы машина жасау өндірісі – күрделі де маңызды сала. Қазіргі кезде зауыт геологиялық барлаумен және бұрғылаумен айналысатын 20-ға жуық кәсіпорын мен ұйымның тапсырысын орындайды. “Arselor Mittal – Темиртау”, “ҚазАтомпром” ұлттық атом компаниясы” АҚ-ы, “Русбурмаш-Қазақстан” бірлескен кәсіпорны”, “Joint Drilling”, “Қазақмыс Drilling”, “КЭММ – 2030” ЖШСі және тағы басқа компаниялармен ұзақмерзімді келісімшарт жасастық.
Көліктік-логистикалық желі дамыған өңірде орналасқандықтан, экспортқа шығуға басымдық береміз. Атап айтқанда, 2012 жылдан бері серіктестік бұрғылау жабдықтарын жеткізіп беру жөнінде Өзбекстан және Ресей Федерациясының бірқатар кәсіпорындарымен байланыс орнатты. Атап айтқанда, Ташкент қаласындағы “Навоииский горнометаллургический комбинат” және “Geoltexta Minot”, ал Ресейдің Қорған, Екатеринбург, Поволжье өңірлеріндегі “Русбурмаш”, “Сибгеотехкомплект”, “ПКФ Газтехсервис”, “Шталь”, “Сибтехойл” және “Завод бурового оборудования” компанияларына бұрғылау құрал-жабдықтары жеткізілді. Қазіргі уақытта зауыт экспортының көлемі жалпы өнімнің 30 пайызын құрайды. Бүгіндері біз Беларусь елінің нарығына шығуға ниеттіміз. Бұл бағытта жүргізіп жатқан жұмыстар нәтиже берер болса, 2020 жылы сондағы кәсіпорындармен байланысымыз нығаймақ.
Сонымен қатар зауыттың энергетика саласында да үлесі бар. Мәселен, “СевКазЭнерго” АҚ-ы басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Былтыр Петропавл №2 жылу-электр орталығы жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, бізге көлемді тапсырыс берді. Ұжым қажетті құрылғыларды шығару үшін аянбай еңбек етіп, абыройлы жұмыс атқарды.
Соңғы жылдары мемлекетіміз машина жасау саласын дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Қазіргі уақытта кәсіпорында 250-ден астам станок бар. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігінің тозығы жеткен. Жаңғырту жұмыстарының арқасында жабдықтар біртіндеп жаңартылуда. Біз өндіріс ошағын Еуропа елдерінен жеткізілген автоматты станоктармен және құрал-жабдықтармен жарақтандырудамыз. Жоғары технологиялық құрал-жабдықтарды пайдалану арқылы нарықтағы сұранысты орындау мүмкіндігіне қол жеткізіп отырмыз. Шведтік “Аtlas Copco” компаниясының “Сhristensen CS14”, “CS3001”, “Diamec 262” және тағы басқа қондырғыларына қажетті қосалқы бөлшектерді шығаруды қолға алдық. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктен несие ресімдеп, биыл тағы бір заманауи станок сатып алуды жоспарлап отырмыз. Кәсіпорын үстіміздегі жылдың 9 айында 490 млн. теңгенің өнімін шығарды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 670 млн. теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз.
Зауытта 160 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың басым бөлігі 2035 жас аралығындағы жастар. Өндіріс орнындағы заманауи техникалардың өзі зауытқа білікті жас мамандарды тартуды талап етеді. Егер аға буын өкілдері тетіктердің сызбаларын қолмен сызуға дағдыланса, жастар жұмысты компьютердің көмегімен орындайды. Соңғы жылдары жас мамандарды өндіріске тарту үшін ауқымды жұмыстар жүргізудеміз. Зауытқа тәжірибеден өтуге келген жастардың көбі кейін жұмысқа қабылданады. Мамандарымыздың біліктілігін арттыру үшін оқуға жіберу, аттестаттаудан өткізу игі дәстүрге айналған.
“Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШСі “Қазақстанның үздік тауары – 2016” көрме-байқауының облыстық кезеңінде “Өндірістік мақсаттағы үздік тауар” аталымы бойынша жеңімпаз атанып, республикалық кезеңде де топ жарды.

 

Тимур ТОҚМҰХАМБЕТОВ,
“Көпбейінді жабдықтар зауыты” ЖШС-нің бас директоры.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp