Көпшілік мемлекеттің теңгерімінде тұрған мүлікті электронды сауда-саттық арқылы сатып алудың жолдарын біле бермейді. Сондықтан кейде түсініспеушіліктер орын алуда.
Мемлекет меншігіне түскен мүліктерді сату және одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы “Мемлекеттік мүлік туралы” Заңымен және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі №833 қаулысымен бекітілген. Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мемлекет меншігіне түскен мүліктерді есепке алып, сақтап, бағалап, оны әрі қарай қолдану бойынша жұмыстар жүргізеді. Олардың қатарына тәркіленген мүлік, заттық дәлелдемелер, сыйлықтар және мемлекет меншігіне өткен иесіз мүліктер кіреді.
Мемлекет есебіне түскен барлық мүліктер арнайы есепке алынады. Біз өз жұмысымызда азаматтардың өтініштерін дұрыс қарауға және қызметімізді цифрландыруға баса назар аударамыз. Соның нәтижесінде жекешелендіру нысандары www.gosreestr.kz сайты арқылы мемлекеттік және әлеуметтік ұйымдар арасында саудаға шығарылады. Ешқандай ұсыныс түспеген жағдайда бұл мүліктер жалпы сатылымға қойылады. Ал бағалы қағаздар, қара және түсті металл, өңделмеген мұнай, мал немесе мал өнімдері, арақ-шарап, темекі және темекі өнімдері бірден сатылымға шығарылады.
Саудаға шығарылатын мүліктер бірқатар талаптарға сәйкес болуы тиіс. Атап айтқанда, ол өндірістік қажеттілік жағынан тиімді болуы керек және мүлікті күтіп ұстау шығындары бюджет есебінен жүргізілуі керек. Мүлікті тапсыру және тіркеу мемлекеттік және әлеуметтік ұйымдардың электронды арызы бойынша жүргізіледі. Әр мүліктің қажеттілігін растайтын қорытынды болуы тиіс. Құжатта мүліктің экономикалық тиімділігі, қажеттілігі және қолдану мақсаты жазылады. Кейін департамент мамандары веб-порталда мүлік туралы сатылым қатысушыларына қажетті хабарламаны жариялайды. Қабылдау аяқталғаннан кейін арыздардың талапқа сәйкестігі тексеріледі. Комиссия мүшелері оң шешім қабылдаған жағдайда мүлік тапсыру-қабылдау актісіне сәйкес мемлекетке өткізіледі.
Облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінде бұл бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Атап айтар болсақ, 2017 жылы мемлекеттік мекемелер теңгеріміне 7125200 теңгені құрайтын 3 автокөлік пен 210 литр жанар-жағармай тапсырылған болатын. 2018 жылы 1562200 теңгені құрайтын 1 автокөлік және балалардың 56 киім-кешегі тапсырылды. Ал былтыр 7368076 теңгенің 3 автокөлігі мен 13054 литр жанар-жағармай тапсырылды.
Оксана ШАЙМАРДАНОВА,
облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру
департаментінің бас маманы.