«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІЗГІЛІККЕ БАУЛЫДЫ

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта “Мүмкіндіктері шектеулі балаларды бейімдеу мен әлеуметтендіру” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. Шара мүмкіндіктері шектеулі балалар мәселелеріне арналған республикалық “Аяулы алақан” акциясы аясында ұйымдастырылды.

Адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық сияқты құнды қасиеттерді насихаттауға арналған отбасылық және сынып сағаттарында тәрбиеленушілер өз ойларымен бөлісті. Олар бір-біріне мейірімді болғанда ғана бар қиындыққа қарсы тұра алатындарын тілге тиек етті. Шара барысында балғындар келген қонақтарға жазғы демалыс уақытында Астана, Алматы қалаларында болғанда алған ұмытылмас әсерлерін жарыса әңгімеледі.  

Балалар үйінің тәрбиеленушілері “Ізгілік сыйла” суреттер конкурсына отбасылық топтармен қатысты. Онда №2, №6 және №8 отбасылардың суреттері жоғары бағаланып, үздіктер қатарынан көрінді. Ұлттық ойындарға арналған сайыстарда белсенді балаларға “KMF” шағын кредиттік ұйымы филиалының қызметкерлері сыйлықтар үлестірді.

Футбол, баскетбол, басқа да спорт жарыстары өткізіліп, көзге түскен оқушыларға марапат қағаздары мен сыйлықтар таратылды. “Жүректен-жүрекке” атауымен өткен концертте балалар өнерлерін сарқып қалмады.

Барлық шаралар мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамның бір мүшесі ретінде құрметпен қарап, сыйластық танытып, өзара ізгі қарым-қатынаста болуға бағытталды.

Жанаргүл МҰСТАФИНА,

жетім және ата-ана қамқорлығынсыз

қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың әлеуметтік педагогі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp