Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан халқы тілдерінің XXI фестивалі аясында “Ілеспе аударманы оқыту, тіл мәдениетін жетілдіру” атты кеңес өтті.
Тіл білімі мамандары мен аудармашылардың басын қосқан ауқымды шараға белгілі аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы қоғамдық келісім мекемесінің қызметкері Камал Әлпейісова қатысты. Камал Әбілқасымқызының елімізде ілеспе аударманы меңгерген алғашқы маман екенін айтып өткен жөн. Ілеспе аударманың әдістемесін жасап, ғылыми диссертация қорғаған ғалым аударманың бұл түрі елімізде кештеу қолға алынса да қазір жақсы дамып келе жатқанын айтты.
Кеңесте облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың мамандары мекемелерде мемлекеттік тілде іс жүргізуді жетілдіру, тілдерді оқыту үшін қажетті материалдық базаны нығайту жұмыстары қолға алынғанын, облыстық және аудандық әкімдіктердің мәжіліс залдары ілеспе аударма қондырғыларымен жабдықталғанын жеткізді.
Тіл білімі саласының деңгейін көтеру үшін мұндағы әріптестеріммен тығыз байланыс орнату маңызды. Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру үшін сіздер мен біздерге артылатын жұмыстың салмағы ауыр, – дей келе Камал Әбілқасымқызы әлемде ілеспе аударманың әдістемесі көп екенін жеткізді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.