«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІРГЕЛІ ЖОБА, ІЛКІМДІ ІС

 

Бұрнағы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстандағы жаңа индустрияландыру: орнықты даму мен прогресс үшін” атты жалпыұлттық телекөпір өткізді. Елбасы ел аумағында жұмыс істеп тұрған инновациялық нысандардың жұмысымен танысып, жаңа өндіріс орындарының іске қосылуына рұқсат берді.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған республикалық акцияның Индустрияландыру күніне арналған шарасы барысында іске қосуға рұқсат етілген кәсіпорындардың бірі – Тайынша ауданының Ильичевка ауылындағы “Тайынша-май” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің майлы дақылдарды өңдейтiн жаңа кәсiпорны болды.

Алпыс жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отырған жоба – Индустрияландыру картасы шеңберінде Қытай Халық Республикасының инвесторларымен бірге іске асты. Бұл зауыт аз уақыт ішінде бой көтерді. Үстіміздегі жылдың шілде айында құрылыс жұмыстары басталған нысан төрт айдан кейін пайдалануға берілді. Бүгінде 10 гектар жерде орналасқан кәсіпорын басшылары алдағы уақытта оның аумағын 50 гектарға дейін ұлғайтып, жаңа инвесторларды тарту арқылы бірнеше цех ашуды көздеп отыр.

Өнімділігі өте жоғары заманауи құрал-жабдық орнатылған кәсіпорынның қуаттылығы бірінші кезеңде күніне – 1 мың, ал жылына 300 мың тоннаға дейiн өнiм алуға мүмкіндік береді. Бiрiншi кезектi инвестиция көлемi 22 миллион АҚШ долларын құраған. Екінші кезекте – 50 миллион, ал жалпы жобаны жүзеге асыру барысында 100 миллион АҚШ долларына жуық қаражат құйылады.

Қазақстандағы ірі зауыттардың қатарын толықтырған нысан алғашқы уақытта рапс майын өндiретiн болады. Кейін шикiзатқа қарай күнбағыс пен зығыр да өңделмек. Бүгiнгi таңда 10 мың тоннаға жуық шикiзат сатып алынды.

Телекөпiр аясында Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевқа жобаны таныстырған “Тайынша-май” ЖШС-нің құрылтайшысы Сәкен Мұхамедиев бұл Қытай инвесторларымен бiрлескен алғашқы жобалардың бiрi екенiн атап өттi.

– Өнiмдi экспортқа шығару үшiн келiсiмшарт жасалды. Бiздiң серiктестігiмiздiң сауда желiсi ауқымды – Қытайдағы Сиань провинциясында бір мыңға жуық дүкені бар. Бұл Қазақстанда өндiрiлген өнiмнiң Қытай нарығында сұранысқа ие болатынының көрiнiсi, – дедi ол.

Өз кезегiнде қытайлық “Айцзю” компаниясының бас директоры Цзя Хэи Мемлекет басшысына Қазақстанда шетелдiк инвесторларға жасалған қолайлы жағдай мен қолдау үшiн алғысын бiлдiрдi.

– Сiздiң агроөнеркәсiп кешенiн дамытуды қолдауыңыздың арқасында бiз Қазақстан нарығына батыл кiрiп, қазақстандық әрiптестерiмiзбен бiрге майлы дақылдарды өңдеу зауытын салдық. Компания өңдеу саласы бойынша ортақ сауда белгiсiмен сегіз жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, – деді компанияның президенті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет арасындағы әріптестік туралы сөз қозғады.

– Ауыл шаруашылығы өндiрiсiндегi еңбек өнiмдiлiгiнiң құнын арттыру үшiн өңдеу саласын дамыту қажет. Бiз Қытай Халық Республикасымен бiрлесiп Қазақстанда елуге жуық жобаны жүзеге асырмақпыз. Бұл жобалардың бiреуiн бүгiн көрiп отырмын және зауыттың өнiмдi шығаруды бастап кеткелі отырғанына қуаныштымын. Сiздер елiмiзге Тәуелсiздiктiң 25 жылдығы қарсаңында ерекше сый жасадыңыздар. Қытай Халық Республикасымен әрiптестiктi қарқынды дамыту қажет, – деген Мемлекет басшысы зауытты іске қосуға рұқсат беріп, сәттілік тіледі.

Кәсіпорын іске қосылған соң облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов жергілікті БАҚ өкiлдерiне берген сұхбатында аталмыш зауыттың өңiрдiң әлеуметтiк саласы мен агроөнеркәсiптiк кешенiндегi маңызын атап өттi.

– Заманауи өндiрiстiң ерекшелiгi сол, мұнда еуропалық жоғары технологиялық құрылғылар қолданылған. Бұл жерде инвесторлармен жұмыс iстеудiң жақсы мүмкiндiгi бар. “Айцзю” компаниясы алдағы уақытта ет, астық, бал, сүт өңдеу зауыттарын салуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстардың барлығы Сиань мэрiмен жүргiзiлетiн келiссөздерге байланысты. Сондай-ақ, өзге де бiрлескен жобалар талқылануда, – дедi өңiр басшысы.

Ерік Хамзаұлы өңірдің Индустрияландыру картасына жалпы сомасы 72,4 млрд. теңгені құрайтын 41 жобасы енгізілгенін, оның санын ұлғайту жоспарланып отырғанын атап көрсетті.

“Жаңа индустрияландыру” бағдарламасы аясында пайдалануға берілген зауыт облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, жеткен жетістіктерді еселей түседі деген сенім мол.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp